Алматы облысында он айдың ішінде 649,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп үлгерген, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Облыс әкімінің ресми сайты келтірген мәліметке сүйенсек, 2018 жылы өңірде 706 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Яғни, биылғы жылдың жоспары 2017 жылмен салыстырғанда 109 пайызды көрсетіп отыр.

Ал, облыс орталығы Талдықорған қаласын бөліп айтар болсақ, мұнда салынатын тұрғын үйді биылғы жылы 91 мың шаршы метрге жеткізу көзделген.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, әлеуметтік әлжуаз топтар санатындағы тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында Талдықорған қаласында жалға берілетін және коммуналдық үйлерден 124 пәтер бөлу жоспарланса, соның 60 пәтеріне бүгінгі күні жаңа иелері қоныстанып отыр.

Ал, 2019 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 763,1 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызу жоспарлануда. Бұл ретте Талдықорған қаласына соның 120 мың шаршы метрі тиесілі болмақ. Облыс орталығы тұрғындарының баспанаға деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы кезекте тұрғандар үшін 570 пәтер берілетін болады.

Сонымен қатар Президенттің «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша коммерциялық тұрғын үйлерден 300 пәтер пайдалануға беріледі. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асырудағы игі қадамдар Алматы облысының халқын қолжетімді баспанамен қамтуға үлкен ықпалын тигізетін болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK