Алматы облыстық тарихи-мәдени мұра орталығы облыс аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін есепке алу, қорғау, пайдалану және насихаттау жұмыстарын жүзеге асырады.

Алматы облысында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштерінің жалпы саны — 2 353. Оның ішінде: бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген – 4, республикалық маңызы бар – 10.

Былғы жылы 22 ескерткіш мемлекеттік комиссия қарауына ұсынылып, оның 20-ы қолдау тауып, 2-і қайта пысықтауғы жіберілді. Ресми түрде ашылған  ескерткіштер саны — 10. 1-мемориалдық тақта ашылды, 4- археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді, 12 — ғылыми семинар-конференция, 4 — танымдық экскурсия өткізілді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Алматы облысынан жалпыұлттық 100 нысан қатарына — 17 қасиетті орын, өңірлік нысандар қатарына — 41 қасиетті орын енгізілді.

 Тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, күтіп ұстау, жаңғырту, насихаттау және пайдалану шаралары Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңы және аталған заңның негізіндегі  бұйрықтармен орындалады.

 Бүгінгі күнге дейін облыс аумағында монументті ескерткіштеркөп жағдайда заң талаптары сақталмай, рұқсатсыз орнатылуда. Сондай-ақ, археологиялық ғылыми – зерттеу жұмыстары да рұқсатсыз, жергілікті атқарушы органдардың келісімінсіз жүргізіліп отырды. Осыған орай, 2018 жылдың сәуір-қыркүйек айларында, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы жоспарлы түрде облыс аумағындағы барлық аудан, қалаларда тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланудағы заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланудағы заң бұзушылықтардың алдын алу шарасы» атты семинар-конференция өткізген болатын.Шараға жалпы саны 520 адам қатысты.

Семинар-конференция  барысында әр ауданға қарасты ауылдық округ әкімдері мен мамандары  тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануда қолданылатын  заңмен, осы  заң негізінде шығарылған бұйрықтарымен және ережелерімен таныстырылды. Себебі, ескерткішті орнату үшін, ескерткіш орнатылатын орынды ауылдық округ әкімдері бөліп береді. Өкініштісі, сол ауылдық округ әкімдері көп жағдайда жоғарыда айтылып өткен заң актілерімен таныс емес. Археологиялық қазба жұмыстары да рұқсатсыз жүргізілген жағдайда қазба жұмысын жүргізуге рұқсаты бар — жоғына жергілікті орган тарапынан сұраныс болмайды. Осыған орай, біздің мекеме ауылдық округ әкімдерімен жүздесіп, заң актілерімен таныстырды,  үлестірмелер таратылды. Әр түрлі пікірталастар болып, ауылдық округ  тараптарынан ұсыныс, сұраныстар түсті. Атап айтсақ:

  1. Барлық аудан, қалаларда ескерткіштерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, реставрациялық жұмыстар жүргізу үшін қаржы бөлу мәселесі көтерілді.
  2. Орталық ашылғанға дейінгі орнатылып кеткен ескерткіштердің жер актілерін қалай заңдастыру керектігі айтылды
  3. Еш құжатсыз, комиссия рұқсатынсыз орнатылған ескерткіштерді қалай заңдастырсақ дегендер болды
  4. Археологиялық ескерткіштердің орналасқан жерлерін нақтылап, жергілікті орган өкілдеріне көрсетіп берсе деген ұсыныс болды.
  5. Ең көп сұраныс аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне тарих және мәдениет ескерткіштерімен айналысатын бір штат берілсе деген ұсыныс болды.

Бұл жоғарыда айтылып өткен ұсыныс, сұраныстар назарға алынып, ұсыныс берілетін болады.

Әрбір аудан, қалалардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшыларына  семинар-конференцияның жоғары деңгейде өтуіне бірауыздан келісіп, үлес қосқандарына орталық тарапынан үлкен алғыс білдіреміз.

Сонымен қатар, облыс аумағында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштерінің техникалық жай-күйін анықтау мақсатында барлау жұмыстарын ұйымдастыру жоспарланған болатын. Алайда, бұрын — соңды мұндай жұмыстар жүргізілмегендіктен, тәжірибе ретінде биылғы жылы барлауды бір ауданға ғана өткізуді жөн санап, ескерткіш санының аз болуына байланысты Қарасай ауданы таңдалып, барлау жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне және алдын-ала есепке алу тізіміне  енгізілмей қалған ескерткіштер анықталды. Яғни, мемлекеттік тізімге енгізілгені-17 қалақұрылысы ескерткіштері болса, аудан тарапынан мемлекет қорғауына қосымша -18 ескерткіш алынғандығы анықталды,  (олар заңсыз орнатылған емес, мемлекеттік тізімге ұсынылмай қалған ескерткіштер), жөндеуді қажет етеді 4 ескерткіш назарға алынды.

Сондай-ақ, 3-археологиялық ескерткіш Алматы қаласының территориясында жатқандығы, кей ескерткіштердің қорғау аймағы сақталмай құрылыс жұмыстары жүргізілген, атап айтсақ: археологиялық обалардың қорғау аймағына еніп кеткен үй құрылыстары салынған, медресе салынған, Қарасай ауданына кіре берісте оба үстіне кіші архитектуралық құрылыс салынып кеткендігі анықталды. Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық тарапынан орнатылған қорғау тақтайшаларының  қирау фактілері анықталды. Және де жоғарыда айтылып өткен тізімге енбей қалған 2 археологиялық ескерткіш анықталды.

Тағы бір айтып кететін мәселе, кеше ғана Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланған болатын. Мақалада көрсетілген мәселердің біразы біздің жұмысымызға тікелей қатысты болып отыр. Осыған орай, алдағы уақытта әлі де жаңа жобалар дайындалып, ұсынылатын болады.

Ғ.Оспанов, Тарихи-мәдени мұраны қорғау

жөніндегі орталығының директоры.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK