Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде Қазақстанның Мәдениет қайраткері, танымал ақын Жұматай Оспанұлының театрландырылған әдеби-сазды кеші өтті. Қарымды қаламгердің «Бала шақтан болашаққа» атты жастармен кездесуін аталмыш университеттің ұстаздары ұйымдастырған. Кеш жүргізушісі сол оқу орнының гуманитарлық факультеті, Журналистика және филология кафедрасының аға оқытушысы Дәулеткерей Мүлік.

Ақынның өмір жайын өрнектеген өрелі өлеңдерімен шымылдығын түрген жыр кеші аймақтағы жезтаңдай әншілердің  әуезді әніне ұласып көп көңілінен шықты. Жан баласын жатсынбай көпшіл де, адал адамгершілгімен үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін ақын Жұматай Оспанұлын нағыз «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат десек артық айтпаған болар едік. Оның театр саласындағы актерлік өнері өз алдына. Саф алтындай, салмақты ой, саралы сөзге құрылған әр шығармасы кім-кімді де бейжай қалдыра қоймасы анық.

Бүгінге дейін қаламгердің «Айзере» атты жеке жыр жинағы, «Дәстүрім дидарым», «Жалғыз жүрек сан сауал» сынды бірнеше кітабы жарық көрген. Автор қазір Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары. Көптеген әдеби және басқа да шығармашылық байқаулардың жеңімпазы.

Кештен көтеріңкі көңіл күймен есте қаларлық бір рухани азық алып қайтқан жұрт ерекше тебіреніспен алған әсерлерімен бөлісіп жатты. Жетісу жоғары оқу орнының гуманитарлық факультетінің деканы Айна Рахимованың айтуынша, көпшіліктің ерекше қошаметіне бөленген  бұл шараны ұйымдастырудағы  басты мақсат – жастарға өмірлік тәжірибесінен айтары бар азаматтың студенттермен диалог құруын, және эстетикалық тәлім алуын қолдау.

Кездесуден  әр қатысушы рухани әлемге, адамгершілік өрлеуге деген кең көзқарас қалыптастырып, ақынның азаматтық лирикасы жастардың әдебиетке деген құлшынысын арттырып, шабытына шабыт қосары анық.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK