Мұхтар Әуезов  «Қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі ішекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш ішекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс тарих үшін елеулі бұйым»-деген. Ғасырдан  — ғасырға, атадан — балаға жалғасып  келе жатқан ұлттық музыка өнерін көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі өскелең  ұрпаққа насихаттап жүрген Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы жанынан құрылған «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің маңызы зор. Осы орайда ансамбль  мүшелері Ерлан Манасаров, Бекназар Какелеев, Азамат Бақия және  көркемдік жетекшісі республикалық, халықаралық байқаулардың  лауреаты Дамир Абашевпен сұхбаттастық.

 

Қобыз сарыны
Дереккөз

Ансамбльдің тарихына тоқталып өтсеңіздер.

— Ансамбльдің шығармашылық жолы  ең әуелі 1989 жылы басталған. Өзіндік себептерге байланысты біраз уақыт жұмысын тоқтатып, 2003 жылы қайта құрылды. Жетісу жерінде «Қобыз сарынының» дүниеге келуіне ұйытқы болған  саналы ғұмырын киелі өнерге арнаған ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұратбек Жүнісбеков. Алғашқы кезде ансамбль құрамында он екі адам болған. Қазір төрт өнерпазбыз. Барлығымыздың жолымыз Талдықорғанда тоғысып, осында еңбек етіп жатырмыз. Басты мақсатымыз VІІІ-ІX ғасырдан бастау алған Түркі әлемінің алыбы Қорқыт бабаның асыл мұрасын қалың жұртшылықпен қауыштыру, қобыздың мүмкіндігін көрсету, киелі аспаптың құдіреттілігін  бұқара халыққа концерттік бағдарлама арқылы насихаттау. Құрамы жағынан өзгерістер болса да, біз негізгі міндетімізді ұмытқан емеспіз.

Қазіргі таңда сіздердің бағыттарыңыздағы ансамбльдер қатары артуда.  Сіздердің ерекшеліктеріңіз қандай?

-Ең бірінші ерекшелік — ол аспаптар. Өйткені сол кезде Мұратбек аға қобызшыларға арнап аспаптардың барлығын өзі жасап, сахнаға шығарды.  Ол аспаптар бізде әлі де бар. Сонымен қатар әрқайсымыз бірнеше аспапты еркін меңгергенбіз. Қобызбен ғана шектеліп қалмай, көне аспаптардың барлығы бар десе де болады. Атап айтар болсақ ұра, домбыра, жетіген, шаңқобыз, сазсырнай, сыбызғы, ұрмалы және  үрмелі аспаптар.

Ансамбль репертуары кімдердің шығармаларынан тұрады?

-Қорқыт, Ықылас сынды халық композиторларының, шет елдің классикалық,  жергілікті Мұрат Бердіғұловтың шығармаларын ойнаймыз. Сондай-ақ, жақында ансамбльдің мүшесі Азамат Бақияның «Рухты ел»  деген туындысын  жарыққа шығардық.

Қобыздың күңіренген үні, сиқырлы сазы тыңдаған жанды елең еткізбей қоймайды. Халқымыздың өткенінен сыр шертер киелі аспапқа деген бүгінде тыңдарманның көзқарасы қалай?

-Бұрынғымен салыстырғанда қазір қобызшылар саны әлдеқайда көп. Бұл қуанарлық жағдай. Шыны керек бұрын қобызды бірі білсе, бірі білмейтін. Қобызбен орындалатын барлық күйде философиялық мән-мағына жатыр. Елдің, жердің тағдыры баяндалады. Қасқырдың ұлығанын, аққудың ұшқанын, желдің, көлдің дыбысын шығаруға болады. Халық арасында қызығушылық жоғары десек те болады.  Мысалы,  алты жасар орыс қызы қылқобыз үйірмесіне қатысады. Ата-анасы Алматыға арнайы барып, қобызды сатып алған.

Қобыздың бүгінгі таңдағы насихатталуы қандай деңгейде?

-Әлі де жұмыс жасау керек. Дегенмен насихатталу жолында атқарылып жатқан жұмыстар жаман емес. «Тұран» тобындағы әріптесіміз Мақсат Медеубек қобызды ғаламтор арқылы үйренуге арналған бағдарлама жасады. Ол жерде барлық мәліметтер бар. Димаш Құдайберген күні кеше Лондонда концерт берді. Әлемнің 40 мемлекетінен келген тыңдарман   домбыраны, қобызды көрді. Қызығушылықтары оянды. Төл аспаптарымыздың насихатталуы осылай жүреді.

Қобыз киелі аспап. Қандай да бір ерекше сәттер орын алған кездер болды ма?

-Дұрыс айтасыз. Қобызды мейлінше таза ұстауға  тырысамыз. Оған арнайы күтім жасап отыру керек. Қобыз ауа райы сияқты құбылып тұрады. Кейбір сәттерде концерт алдында әбігерге салатын кездер болады. Әртүрлі ортада суықта, ыстықта, жаңбыр астында, ғимаратта, ашық алаңда жүреміз ғой. Мүмкін, ортаны таңдайтын шығар. Құлақ күйін келтіре алмай, ойнауға мүлде келмейтін сәттер болады. Әйтеуір бір амалын тауып, сахнаға шығамыз.

Жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыздар.

— Қазақта «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген бар. Біз балабақшаға барып, кішкентай бүлдіршіндерге қазақтың аспаптары жайлы әңгімелеп, сыйлыққа береміз. Мектептерге, колледж, жоғарғы оқу орындарына барып, кездесулер ұйымдастырамыз. Осы үрдісті алдағы уақытта да жалғастырсақ дейміз.  Біздің  негізгі бағыт-бағдарымыз дәстүрлі музыкамызды әлемдік деңгейге шығарып, лекциялық концерттер өткізіп, халықпен тікелей байланыста болу. Жуырда ауқымды көлемде жеке кешімізді өткізіп, үнтаспамызды жарыққа шығарсақ деген жоспарымыз бар.

Дереккөз

Жетістіктері

2005 жылы Астана қаласында өткен «Шабыт» фестивалі —  бас жүлде;

2014 жылы халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының  ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында өткен өткен түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты дәстүрлі халықаралық музыкалық өнер фестивалі – арнайы сыйлық;

2017 жылы Қазыбек бидің 350 жылдығы аясында Қарағанды қаласында өткен  «Дала дауысы» атты халықаралық фестивалі — облыстық мәдениет басқармасы басшысының   марапаты;

2018 жылы «Жезкиік» халықаралық музыка фестиваліне қатысқаны үшін сертификат иегерлері;

2018 жылы көршілес Қырғыз елінде өткен ІІІ Бүкіләлемдік «Nomad  Geams -2018» көшпенділер ойындарына қатысып, Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министрі С.Жұмағұловтың атынан этно-хит жанры бойынша дипломмен  марапатталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK