Талдықорғанда көпбалалы аналар баспана мәселесі бойынша қала әкімдігіне арыз түсірген болатын. Айтуларынша, кезекте тұрғандарына ұзақ жылдар өтіпті. Содан бері үй кезегі жылжымай қойған. Осыған орай шаһар басшысы Дастан Шалтабаев қоластындағы орынбасарлары мен бөлім басшыларының және орган қызметкерлері мен бірнеше қоғам белсенділерінің басын қосып, комиссия құрған еді. Комиссия мүшелері осы даулы мәселені шешу мақсатында арнайы жиын өткізді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Қала әкімінің айтуынша, баспана әлегімен әкімдікке келгендердің қатарында Мәдина Таурбаева, Айгүл Исаева, Динара Мастекова, Айнагүл Тоқпанбетова, Жанар Бейсембаева, Эльмира Смағұлова, Сәуле Рысқұлова және Айтжамал Терекбаевалар бар. Дастан Тұрарбекұлы оларды жеке қабылдап, аталған мәселені бақылауға алатынын айтып сендірген. Алайда, көпбалалы аналар әкімдік тарапынан берілген жауапқа қанағаттанбай отыр.

Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев

Жалпы, «Алтын алқа» иелерінің қатысуымен өткен бұл жолғы отырыс үш сағатқа созылды. Д.Шалтабаев пен комиссия мүшелері олармен жеке-жеке кездесіп, күрделі мәселелерін шешуге тырысып бақты.

Ең бірінші Мәдина Таурбаеваның мәселесіне тоқталайық. Негізінен, 12 баланың анасына 2013 жылы екі бөлмелі үй берілген. Алайда, ол одан бас тартып, сотқа шағымданған. Жоғары соттың шешімі бойынша, 150 шаршы метрлі пәтер берілсін делінген. Аталмыш шешімге байланысты көпбалалы анаға 90 шаршы метрлі пәтер ұсынылған. Дегенмен, ол бұдан да бас тартып отыр. Нәтижесінде, сот шешімі тоқтап, қазір Мәдина Мұратқызы үй кезегінен алынған.

Өзінің айтуынша, берілген үйдің маңында мектеп, балабақша жоқ. Ол жақта тұру мүмкін емес, — дейді Мәдина. Алайда, қала әкімі оған ұсынылып отырған Алматы тас жолы бойындағы ауданға алдағы 2-3 жылдың ішінде әлеуметтік нысандар салынатынын түсіндірді. Бүгінде оның барлық сметалық құжаттары дайындалған. Ал, соттың шешіміне келсек, қазіргі таңда Талдықорғандағы ең үлкен баспананың көлемі 90 шаршы метрден аспайды.

«Егер қалада 150 шаршы метрлі пәтер болса аяп неміз бар. Сізге барымызды беріп отырмыз ғой. Түсіністікпен қараңыз», — деді Д.Шалтабаев.

Екінші Айгүл Исаеваның шағымы тыңдалды. 10 баланың анасына 2015 жылы Желтоқсан көшесіндегі жас отбасыларға арналған жатақханадан үй берілген. Айтуынша, екі бөлмелі баспанасында балконы және ыстық суы жоқ. Осыған байланысты, үйін басқа пәтерге ауыстырып беруін сұрап отыр. Бұл мәселеге Талдықорған қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Қыстаубаев жауап берді.

«Дәл қазір кезегі келіп тұрған адаммен үйіңізді айырбастай аласыз. Мен сізге сондай адамдардың телефон нөмірін берейін, егер келісіп жатсаңыз көмектесуге дайынмын», — деді.

Келесіде Динара Мастекованың мәселесі қаралды. Жеті баланың анасы 2010 жылдан бері кезекке тұрған. Сөзіне сүйенсек, соңғы уақытта үй кезегі көрсетілген тізімі бірнеше рет бұзылыпты.

«Тексеріп қарасам үш адамның орнын алып тұрмын. Мені апарып біресе көпбалалы ана, енді бірде жалғызбасты ана ретінде тіркеп қойған. Сегіз жыл тұрған кезегім зая кетті. Қалай бұзылды, солай кезегімді реттеп берсін», — деп назын білдірді.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының айтуынша, бұл кісінің айтып отырған шағымы орынсыз.

«Жалғызбасты ана ретінде кезегімді ауыстырды деп отыр ғой. Бұл қате. Мойындау керек, күнделікті хаттармен жұмыс жасау кезінде сізді байқамай көпбалалы дегеннің орнына, толық емес отбасы деп қателесіп жазып қойған. Бар болғаны сол. Ол бойынша тексеріс жүріп, қатаң ескерту де алдық. Ал, сіздің орныңыз өзгерген жоқ, қазіргі таңда 428-ші болып тұрсыз. Керсінше, алға қарай жылжып келесіз», — деді Н.Қыстаубаев.

Сондай-ақ, Динара Ақатайқызының үй кезегіне тұрар кезде жеке басында бірнеше мүлкі болғандығы анықталды. Мамандардың айтуынша, ол осыдан кейін Ақмола облысының тұрғыны ретінде кезекке тіркелген.

Баспана мәселесімен келгендердің бірі – Айнагүл Тоқпанбетова. Көпбалалы ана үй кезегіне 2003 жылы тіркелгенін айтады. Алайда, оған 2005 жылдан бастап қана кезекке тұрғандығы туралы хабар келген. Сонымен қатар, соңғы кездері үй кезегіндегі орны әр түрлі сандарды көрсетуде. Осы орайда прокуратура мамандары Айнагүлдің арызы бойынша тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатқанын және оның қорытындысы шыққан уақытта хабар берілетінін айтты. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының айтуынша, бұған қазіргі таңда үй кезегінде тұрған барлық топтағы адам санының бірігуі себеп болып отыр.

«Бұл – жаңа жүйе. Ол Egov.kz сайтына жарияланады. Айтып отырған өзгерістер осыдан туындауы мүмкін. Оған алаңдайтын себеп жоқ. Сіз дәл қазір 129-шы орында тұрсыз», — деді Н.Қыстаубаев.

Эльмира Смағұлова алты баланың анасы. Оған 2014 жылы Шахворостов көшесінен бір бөлмелі үй берілген. Алайда, бүгінде алты балаға бір бөлмелі баспана тарлық етуде. Бұл кісі де өзінің үйін кеңейтіп беруді сұрап отыр.

«Мен, пәлендей 90 шаршы метрлі үй сұрамаймын. Алты баламмен ыңғайлы жерде тұрсам болғаны. Қол ұшын созсаңыздар», — деп өтінішін білдірді. Комиссия мүшелері Эльмира Көпжасарқызын тыңдай келе оған арыз жазып, осы жөнінде сотқа жүгінуіне кеңес берді. Айтуларынша, мұндай жолмен мәселені шешуге болады. Осы орайда, Дастан Шалтабаев көпбалалы ананың қазіргі жағдайын ескере отырып, оны уақытша мерзімге баспана тауып беремін деп жұбатты.

Жанар Бейсембаеваның да мәселесі осының төңірегінде. Екі ауру баласының барлығы ескеріліп, оған 2015 жылы уақытша толық емес отбасы ретінде бір бөлемелі пәтер берілген.

Айтуынша, 2004 жылдан бері кезекте тұрып келген. Соңғы уақытта үй алғансыз деген желеумен кезектен (118 орын)  алынып тасталынған. Шаһар басшысы мұның да мәселесін жоғарыдағы аналар қатарлы шешілетінін айтты.

Ал, Сәуле Рысқұлованың мүлдем баспанасы жоқ болып шықты. Бес баланың анасы кенже қызы мүгедек екенін алға тартып отыр. Бүгінде пәтер жалдап тұруда. 2014 жылдан бастап үй кезегіне тұрған, қазіргі уақытта 578-ші орында.

«Күйеуімнің де денсаулығы нашар. Бір жерде аула сыпырушы болып жұмыс жасайды. Айлығы 20 мың теңге, ештеңеге жетпейді. Тіпті, балаларды балабақшаға беруге мүмкіндігіміз жоқ. Қиналып жүрміз», — дейді көзіне жас алып.

Жағдайымен толыққанды таныса келе комиссия мүшелері Сәуле Әбсаттарқызының балаларын балабақшаға тегін қабылдауға болатынын айтты. Сондай-ақ, Дастан Тұрарбекұлы мәселенің барлығы шешілгенше бұл кісіге де уақытша үй тауып беруге ниетті екенін білдірді.

Жалпы, жиын соңында көпбалалы аналардың барлық мәселесімен түбегейлі танысқан прокуратура өкілдері үй кезегінде орын алған өзгерістерге жол берілді ме, жоқ па, ол жағын арнайы тексеріп, жауап беретіндіктерін айтты. Сонымен қатар:

Заңға сүйенсек, үй бір адамға 15-18 шаршы метрден есептеп беріледі. Егер үй алу кезегі келіп тұрса, бірақ, оның көлемі көпбалалы отбасына тарлық еткен жағдайда, үйден бас тартып, келесі кезекті күтуі керек. Ал, берілген үйді алып қойғаннан кейін, азамат(ша) жеке басындағы баспанасын қайтадан кеңейтуге бере алмайды. Заңда солай жазылған», — дейді прокуратура мамандары.

Ал, облыстық Аналар алқасының мүшелері кезекпен сөз алып, мұның жолын басқалай шешуді сұрады.

«Баршамызға белгілі Талдықорғанда жетім балаларға, ардагерлерге, дәрігерлерге арналып үй салынды ғой. Құрметті Дастан Тұрарбекұлы көпбалалы аналарға да облыс орталығынан жеке тұрғын үй салынса деген тілек бар», — деп ұсыныстарын айтты.

Комиссия отырысын қорытындылаған Талдықорған қаласының әкімі:

— Келесі жылдан бастап мемлекеттік бағдарлама бойынша жалдамалы және несиелі үйлер салу жоспарға енген. Сол бойынша кезекті де тездетіп, алға қарай жылжытамыз. Одан бөлек, көпбалалы аналарға үй салу жағы заң шеңберінде қарастырылатын болады. Тек, сабыр сақтап, күтулеріңізді сұраймын. Жақсы күнде, жақсы сәттерде жолығайық, — деді Дастан Шалтабаев.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK