Талдықорғанда Елбасы Н.Ә Назарбаевтың жаңадан жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына байланысты арнайы басқосу өтті. Оған аймақтағы БАҚ өкілдері мен бірқатар мекеме басшылары және әр саланың жетекші мамандары қатысты. Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиевтің төрағалығымен өткен талқы жиынды облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған.

Жиналған қауым алдында сөз алған Ақан Жылқышыбайұлы:  «Мемлекет басшысы бұл мақаласында ұлт рухын аспандатқан ұлы даланың қыры мен сырына жан-жақты тоқталып, ата-бабаларымыздың адамзат өркениетіне қосқан өлшеусіз үлесін айрықша атап көрсетті. Біз бұдан түбіміз түркі, түлігіміз жылқы саналатын тағылымды тарихтан алар баға жетпес еншіміздің әлі де мол екенін айқын аңғара аламыз. Сондай-ақ, мақалада Елбасы тасқа басылған тарихымызды таразылап, безбендеп, терең зерттеуді қажет ететін ұлт мұрасын алға тартты. Біз осы арқылы өткенімізді өнеге етіп, болашағымызға батыл қадаммен тың бағыт-бағдар аламыз » — деді.

 

Осыдан соң саф алтындай салмақты ой айтып, терең тұжырым жасаған ақын, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін: «Елбасының осыған дейін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өңірде көптеген игі істер атқарылды. Батыр бабаларымыздың ізі қалған ұлы дала қойнауынан саны санақсыз тың деректер таптық. Бүгінгі мақала соның жалғасы іспетті. Бізге ұлт мұратына жетелер ұлы бағытты айқындап, рухани сананы жаңғыртудың тағы бір тың жолын ұсынды. Сондықтан  мақалаға арқау етілген әр бастама біз үшін  ұлт тарихының бай мұрасы, төл мәдениетінің мәйгі, ел экономикасының өркендеу өзегі болып саналады. Енді біз талықпай осы бағытта жұмыс жасауымыз керек» -деп, қадап айтты.

Басқосу соңында облыс әкімінің орынбасары аймақтағы әр сала басшыларына мақалада аталған басым бағыттар бойынша атқаруға тиісті бірқатар міндеттер жүктеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK