Ақын Гүлманат Әуелхан 1980 жылы шілде айында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университетінің түлегі. Республикалық  бірнеше мәрте жыр мүшайрасының жеңімпазы. Өлеңдері «Жас толқын», «Қоштасқым келмейді», «Алатау жырлайды», «Сезім тамшылары» сынды кітаптарға  және  «Қазақ поэзиясы» антологиясына енген. «Жүз өлең» жыр жинағының авторы. Сайтымыз қарымды қаламгердің  «Жан жарамның табар ма деп бір емін» атты тақырыпта  бірнеше өлеңін оқырман назарына ұсынады.

Күзгі жаңбыр

Күзгі жаңбыр жауып тұрды, күзгі шақ,
Жүрегімді жылтсын қайдан мұз құшақ.
Дала жатты сағыныштан жүдеген,
Төркініне жете алмаған қызға ұқсап.

Дәрменім жоқ енді менің күшім кем,
Бәрінеде нәлет айттым ішімнен.
Сұрғылт аспан жанарынан мұң тамып,
Күзде сыңай танытқандай түсінген…

Сары жапырақ дірілдеді жүрегім,
Ауырлықты көтермейсің білемін.
Тәңірімнен үнсіз ғана тіледім,
Жан жарамның табар ма деп бір емін.

Тіл қатпады мылқау түн, үнсіз дала,
Түсінгендей табиғат үнсіз ғана,
Түнегінің түбіне батырды да,
Тымыраяа қарады түн сыздана…

Бір жағып шамын бір өшеді…

Қойнына қара түннің құлап тұрып,
Ағады сылдыр-сылдыр бұлақ күліп.
Мен сені жүрегімнен жұлып алып,
Жібергем әлде қашан лақтырып.

Мен сенің өртегемін елесіңді,
Сол сәтте егескендей жел есірді.
Сонан соң кеттің мүлде ойдан көшіп,
Сезгендей мендік бақыт емесіңді.

Арманым қадамыма гүл өсірді,
Жүрегім қайталайды бір есімді.
Бұлдырап сен түсіме енген кезде,
Бір жағып үміт шамын,бір өшірді.

Сезімім намысымды жеңе алмады.
Көңілім көлгірсуге көне алмады.
Жырақтап мен өзіңнен кеткеніме
Әйтеуір сендік көңіл сене алмады.

дереккөз

Елесі  көрінер жарықтың….

Жанымды әлдилер табыт түн,
Елесі көрінер жарықтың.
Мен сүйген мекен бұл «Қоңыржай»,
Арасы — жұмақ пен тамұқтың.

О, ақ таң , неге атпай талықтың,
Бетін бұлт жасырған ғаріп күн.
Өмірдің бес күндік жалғанын,
Құдай-ау, сенсеңіз жаңа ұқтым.

Тірліктің қазанын қайнатқан,
Жан едім бейкүнә жәй жатқан.
Адасып ұшқан бір аққудың,
Сұңқылы естілді қай жақтан.

Жанымнан жапырақ төгілді,
Ал аспан тым ұзақ егілді.
Көңілдер жайлауын гүл етіп,
Көктемдей етсем бе өмірді…

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK