Талдықорғанда Алматы облысы ІІД-нің басшысы генерал-майор Мұрат Үрімханов пен қала тұрғындары арасында кездесу өтті. Жиын барысында жергілікті полиция қызметінің ағымдағы жылы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атқарған жұмыстары қорытындыланды. Сондай-ақ, тәртіп сақшыларының алдағы уақыттағы жоспарлары таныстырылды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

ІІД басшысының айтуынша, биылғы жылы Алматы облысында 23 мыңдай қылмыс тіркелген. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға кеміп отыр. Соның ішінде зорлық-зомбылық, қарақшылық, тонау, бұзақылық және алаяқтық саны азайған.

Генерал-майор өз баяндамасында қылмыстардың ең көп саны ұрлық екенін атап өтті. Олар негізінен қоғамдық көлікте жасалды. Осыған байланысты М.Үрімханов Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевқа автобустарға бейнекамералар орнату туралы ұсыныс жасады. Айтуынша, мұндай қадам қалта ұрлығының санын азайтып, қылмыстың дер кезінде ашылуына септігін тигізбек.

Мамандардың айтуынша, облыста 968 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр, оның көмегімен 100-ден астам қылмыстың беті ашылған.

Жиын соңында тұрғындар Талдықорған қаласының Ішкі істер басқармасына жаңадан тағайындалған бастығы, полковник Асқар Нұрасапаға сауалдар жолдап, түрлі тақырыптарды көтерді. Ал, өз кезегінде қалалық полицияның бастығы аталған мәселелерді тезірек шешетінін атап өтті. Сонымен қатар, Жетісу тұрғындары полиция еріктілерінің қызметіне қызығушылық танытып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесуге ниет білдірді.

Айта кетейік, бүгінде Алматы облысында тұрғындардың өмірін жақсартуға ықпал ететін жаңа идеялар жүзеге асырылуда. Яғни, қазіргі таңда пилоттық тәртіпте «Балаларға сауал қоюға арналған бөлме» жұмыс жасайды, 5 кадет сабақтары, студенттік полицияға көмек көрсету топтары құрылған. Одан бөлек, облыс әкімдігінің көмегімен аудандық инспекторларға арналған тұрғын үймен біріктірілген 220 полиция учаскесінің құрылысы жалғасуда.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK