Талдықорған қаласында Орбұлақ шайқасы Жеңісінің 375 жылдығына арналған «Асыл мұра» атты Халықаралық жыршылар фестиваль-шеруі өтті. Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйытқы болған айтулы шараға Түркия, Қырғыстан, Қарақалпақстан мемлекеттері мен қатар еліміздің әр аймағынан маңдайалды өнер шеберлері келіп қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Фестиваль басталмас бұрын жыршылардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Ол жерде өнерпаздар аталмыш шараның маңыздылығына кеңінен тоқталып, мұның бүгінгі қоғамдағы орны ерекше екендігіне тоқталды. Айтуларынша, қазіргі балалар шетелдік фильмдердегі ойдан шығарылған «Өрмекші адам», «Темір адам» сияқты мистикалық кейіпкерлерге қызыға қарайды. Ал, егер олар осындай шараларға көбірек қатысса Алпамыс, Қобыланды, Қабанбай сынды қазақ батырларының көрсеткен ерлігімен танысар еді. Сонда ғана ұлтық болмысы ертерек қалыптасып, рухани жағынан сусынданып өседі, — дейді ұйымдастырушылар.

Салтанатты шара облыстық Бикен Римова драма театры өнерпаздары ұсынған тарихи қойылыммен басталды. Орбұлақ шайқасының әсерлі көрінісінен кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев сахна төріне шығып, фестиваль қатысушыларына сәттілік тіледі.

«Жырау, жыршы – шығармашылық адамдары. Кезінде өзім де осы мектептен шыққанмын. Сондықтан бұл өнер маған жақсы таныс. Тарихқа көз жүгіртсек, хан, би, сұлтандардың қасында арнайы жыраулары болған. Олар тарихты жырлап, болашақты болжап кетті. Халықты бірлікке шақырды. Демек, бұл – құнды өнер. Осы орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылып отырған аталмыш шараның маңызы өте зор. Ұлттық өнерімізді сақтап, оны кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатын көздеген фестиваль ұйымдастырушыларына айтар алғысым шексіз. Жетісу жеріне табан тіреген барлық өнер иелеріне қош келдіңіздер деймін. Мереке құтты болсын!», — деді.

Сонымен қатар, Ақан Жылқышыбайлұлы Орбұлақ шайқасының 375 жылдығы – Жетісу өңіріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі екендігіне тоқталып, бүгінгі жас ұрпақ бұл тарихи оқиғадан хабардар болуы керектігін атап өтті.

Айтулы оқиға орай Панфилов ауданы Жаркент қаласында биіктігі – 18, ұзындығы – 30 метрден тұратын мемориальдық ескерткіш орнату жоспарда бар.

Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы өткізген азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиғаларының бірі. Майдан 1643 жылдың жазында Қазақ хандығының қолын басқарған Жәңгір хан мен Жоңғар қолын басқарған батыр Қонтайшы арасында өтті. Ірі шайқаста Жәңгір хан бастаған 600-ге тарта қазақ әскері 50 мыңға жуық жоңғарларға қарсы шығып, жеңіске жеткен.

Қарақалпақстаннан келген жыршы, халықаралық жарыстардың лауреаты Динара Нұратдинованың айтуынша, бұл фестиваль тәжірибе алмасуға көп септігін тигізеді. Сондай-ақ, өз шеберлігіңнің құпиясымен бөлісуге және халық өнеріндегі жаңа тенденцияларды талқылауға мүмкіндік береді.

«Асыл мұра» фестивалінің соңында барлық қатысушылар алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттарымен марапатталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK