Талдықорғанда жастар форумы өтуде

513
Фото авторы А.Нұршанов

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»  атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынып, күні кеше қаулыға қол қойды. Бүгінде Ұлт Көшбасшысы сенім артқан ел ертеңі саналар жалынды жастарға бағытталған бірқатар ауқымды шаралар қолға алынуда. Осы орайда Талдықорғанда Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен облыстық жастар форумы өтуде.

Фото авторы А.Нұршанов

Жиынның мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, патриоттық сезімді дамыту, жастар ұйымдарының өзара қарым-қатынасын нығайту, жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, еліміздегі мемлекеттік электрондық қызметті дамыту.

Аталмыш форумға үкіметтік емес жастар ұйымының өкілдері, облыстық оқу орындарының жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, аудандық және қалалық жастар ресурстық филиалдарының қызметкерлері, жастар істері бойынша ауылдық округтердің нұсқаушылары, белсенді жастар қатысты.

Форум аясында терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу бойынша мәселелер талқыланып, бірнеше бағытта секциялық жұмыстар жүргізілді.

Жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев, Жастар ғылыми-зерттеу орталығының үйлестіру және өңірлік даму басқармасының басшысы Луиза Узарова, Жастар ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Жанна Кәрімқызы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының оқытушысы Айгүл Әбілдинова қатысты.

Фото авторы А.Нұршанов

Алғаш боп сөз алған Ақан Жылқышыбайұлы «Жастар — қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңі. Жастары жарқылдаған елдің болашағы баянды. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өскелең ұрпаққа әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Елбасымыз биылғы Жолдауында келер жылды Жастар жылы деп жариялағаны баршаға мәлім. Кеше Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойып,  жастардың мерейін асырды. Баршаңызды осы айтулы оқиғамен құттықтаймын!  Елбасымыз өзінің Жолдауында «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс», — деп, жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын ауқымды платформа қалыптастыру керек деген ойға ерекше тоқталды.

«Бұл сіздер мен біздерге жүктелген жауапты міндет. Президентіміздің  тапсырмаларын жүзеге асыру жолдары екі күндік форумның аясында талқылануы қажет»-деді.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ерлан Жакупов форум аясында жастардың құзыреттілігін арттыру бойынша  атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып,  2019 жылы атқарылар іс-шаралар жоспарымен таныстырды.

Жастар саясатының жұмысы аймағымызда қарқынды түрде жүргізілуде. Ағымдағы жылы бастау алған жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, рухани дамуына және спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін «Жастар жолы» жобасы жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, полицияға қолдау көрсетуші «Жалын» студенттік жасағы, отбасылық құндылықтарды дәріптер «BAQYT» жас отбасыларға қолдау көрсету клубы құрылды. Айта кетейік, бүгінгі таңда облысымызда 418 мыңнан астам жас бар, олардың 332 мыңы ауылдық жерде тұрады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK