Талдықорғанда құрылған «Шоқжұлдыз ізімен» экспедициясы өз мәресіне жетті, — деп хабарлайды Қазақстан телеарнасына сілтеме жасаған taldykorgan-online.kz

Тарихи-танымдық топ бірнеше күнде Шығыс Қазақстан және Алматы облысын аралап шықты. Дәл осы жерлермен бір кездері этнограф-ғалым Шоқан Уәлиханов бірнеше рет жүріп өтіп, ел тарихын зерттеп, біраз естеліктер қалдырғаны белгілі.

Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай

Аягөзге жеткен экспедиция алдымен Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесіне тоқтады. Бұл кезінде  ғалымның екінші мәрте арнайы келіп, жергілікті халық аузынан жыр-дастанды жазып, қағазға түсірген кесенесі.

Бақытөмір Шалғынбаев, өлкетанушы: — Осы жерде балбал тастар болған. Бұл жерде Найманның Семіз Найман деген ұрпағы тұрады. Сол жерлердегі төрелерден Әбілфейіз ханның ұрпақтары бар. Сол жерден еңбек жазып кетті.

Нысанды реставрациядан өткізіп, маңайын абаттандыру жұмыстарына «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы қомақты қаржы бөлінді. Махаббат символына айналған қос ғашықтың басына тәу ететіндер қатары үзілмейді.

Нұрбек Қабдыкешов, Тарлаулы ауылдық округінің әкімі: — Кесененің басы жарықтандырылып жатыр. Бұйырса, келесі жылы шырақшының үйі салынады. Бұл жерге жаздың кезінде халық көп келеді. Үйленген жастардың барлығы кесененің басына келіп, тағзым жасайды.

Шығыс Қазақстаннан кейін экспедиция мүшелері Алматы облысы Қапал ауылындағы Тамшыбұлаққа тоқтады. Ауыл тарихын, ондағы тұлғалар мен көп дертке ем болатын қайнар туралы аңыздарды Шоқан Уәлиханов өз күнделіктеріне жазып отырған.

Ғалым өмірінің соңғы күндері өткен Жетісу жерінде қазір ескерткіш пен кесенеден бөлек, музей де жұмыс істеп тұр. Мекемеден зерттеуші жайлы мол мағлұмат алуға болады.

Мұратбек Иманғазинов, профессор: — Мақсат — Шоқан Уәлихановтың жүріп өткен жерін халыққа таныстыру. Экспедиция келер жылы да жалғасады. Омбы кадет корпусы, Ыстықкөл және Қашғар қаласына сапарлау жоспарланған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK