Қазақстанның 18-миллионыншы тұрғыны атанған Мүслима Саматқызы ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында баспаналы болады. Оған пәтер кілтін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов табыстайды. Бұл туралы бүгін журналистерге арналған баспасөз-мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мәлімдеді.

Айтуынша, Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысында 700 іс-шара өткізу жоспарланған. 100 әлеуметтік нысан қолданысқа беріледі. Олардың ішінде тұрғын үй, мектеп, балабақша, мәдениет үйі, спорт кешені, дәрігерлік амбулатория, учаскелік полиция пункті сынды нысандар бар. «Ең үлкені — Қарасай ауданының Шамалған ауылында ашылатын «Атамекен» тарихи өлкетану кешені. Барлықтарыңыз ашылуына келіңіздер» деді Ж.Омар.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Талдықорғанда 64 және 55 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй, жекеменшік балабақша, жаңартылған архив, 9 спорт алаңы және 7 аула алаңы қолданысқа беріледі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK