«Омарбек мерген» деректі фильмі жарық көрді

310
Фото авторы А.Қажеке

Талдықорғанда «Жетісу» телеарнасы таспалаған «Омарбек мерген»  деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Аталмыш фильмде  XX ғасырдың 20-30 жылдары Жетісу жерінде ұлт мүддесі үшін қызыл саясаттың құрбанына айналған Омарбек Еркінбекұлының тағдыры баяндалады. «Омарбек мерген» — батырдың жеке тағдырына қатысты түсірілген алғашқы фильм болуымен ерекшеленеді. Ұрпақты тарихпен сусындатуды көздеген фильмнің идея авторы Серік Әбікенұлы. С.Әбікенұлы тұлғаны зерттеуді үш бағытта жүргізген: деректі мақала, көркем шығарма, деректі фильм.

Фото авторы А.Қажеке

«Тарихтың барлығы өлкетанудан басталады. Талдықорғанға келген төрт жылдың ішінде байқағаным, біздің өлке тарихы кенжелеп қалған. Қазақтың көрген қиянаты, бастан өткерген геноцид мәселелері Жетісуда зерттелмей қалған. Геноцид болған жерде міндетті түрде ұлт арасында бас көтерген азаматтар болады. Ел үшін етігімен су кешкен, жанын шүберекке түйіп, өзінің заманында басын бәйгеге тігіп, ұлтын қан-қасаптан құтқарған ерлер туралы зерттеуді бастадым. Олар туралы мәліметтер «Жолбарыс жымы» мен «Жетісу жазбалары» деген қос жинаққа енді. Өзіміздің Қаратал ауданының тумасы, атақты Омарбек мергенді елге таныстыру парызымыз деп білемін. Біздің ұрпақ ретіндегі борышымыз осындай азаматтардың барлығын, бет-бейнесін, өткен жолын, жасаған ерлігін түгендеп ұрпағымызға қалдырып кету болар».

Фото авторы А.Қажеке

Тұсаукесер салтанатында Омарбек  батырдың ұрпақтары сөз алып, түсірілім тобына алғыстарын білдірді. Айта кетейік,  «Жетісу» арнасы үш жылдан бері «Жетісу жұмбақтары» экспедициясын жүргізіп келеді. Авторы әрі жетекшісі белгілі журналист, жазушы Серік Әбікенұлы. Осыған дейін көрермен назарына «Жаркент абақтысы», «Кісіқырылған», «Қызқұлаған», «Шамкөр», «Орақты батыр», «Анненковтың таңбасы» сынды тарихи-деректі фильмдерді ұсынды.

Фото авторы А.Қажеке
Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK