Қыркүйек айында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Краудсорсинг» жобасы іске қосылғандығы туралы хабарлаған болатын. Аталған жоба өзгерістерге бей-жай қарамайтын барлық қазақстандықтарды ХҚКО-ның жұмысын жақсартуға бірге атсалысуға шақырады. Нақтырақ айтқанда, азаматтар мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес-процесін жетілдіру бойынша өздерінің ұсыныстары мен ескертулерін қалдыра алады.

Бұл туралы корпорацияның арнайы баспасөз қызметі хабарлады. Бүгінгі күні астаналықтар жаңа жобаны ең белсенді қолданушылар болып танылды. Олар ХҚКО-ның жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстардың үштен бірінен астамын қалдырып үлгерген. Екінші орында оңтүстік астананың тұрғындары жайғасып, олардың үлесі 26 пайыз. Осы ретте, жоба іске қосылған сәттен бастап 19 қатысушы анықталып, олардан 23 ұсыныс келіп түскен. Ұсыныстардың көпшілігі кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бизнес-процестерін өзгертуге қатысты.

Осы орайда тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету саласының барлық бағыттары және мемлекеттік корпорацияның қызметі бойынша жалпы әркім өз ұсыныстарын енгізуге болатындығын еске салады. Сайтқа қалдырылған ұсыныстарды талқылауға, пікірлер қалдыруға және ұнайды батырмасын (лайк) басуға болады. Бұдан өзге, үздік идеялардың жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталады. Жоба бойынша толық ақпаратты www.gov4c.info сайтынан көре аласыздар.

Іріктеуден кейін, ұсынылған бастамалар пысықталып, мемлекеттік корпорацияның жұмыскерлерінен тұратын комиссия мүшелері тарапынан іске асырылатын болады.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK