Сезімдері  селдеген,

Жетісудың «Алуасы».  

Өмірді жырмен тербеген,

Фаризалардың жалғасы.

Бүгінде Жетісу өңіріндегі ақын-жазушылар арасында  ақын Гүлбақыт Қасенованың орны ерекше.  Жақсы кітап – жан азығы. Әрдайым нәзіктікті тілге тиек етіп, қалың оқырман қауымына «Алуа», «Бақыт гүлі», «Құсқанаты» сынды жыр жинақтарын сыйлаған арудың әр өлеңі ойлы да өрелі. Қарымды қаламгерден бұдан былай да  тың туындылар күте отырып, «Менің жаным – гүлдей нәзік» деген тақырыпта бірнеше өлеңін жұрт назарына ұсынамыз.

    Жарығым-ай

Жанарыңнан айналдым, жарығым-ай,
Жалқы өскенің батады жаныма ұдай…
Он балаға бергісіз, ботам менің,
Жабықпағын,
«жалғыздың жары — Құдай».

Қарағым-ай, қанатым, қарашығым,
Алатаудай биігім, дара шыңым.
Дархандығың қазақтың даласындай,
Болашағым.
Алысқа қарашы, ұлым.

Жүрегімнің бөлшегі, жаным балам,
Күнім менің,
От болып жалындаған.
Асқақтаған армандар күтеді алдан —
Асау толқын…
асулар алынбаған.

Жаратқаным, қолдай гөр!

…жаным балам…

Менің жаным

Менің жаным – гүлдей нәзік,
гүлдей нәзік үлбірер.
Нәзіктікпен өмір сырын,
әлемді ұғып үлгірер.

Менің жаным – күндей жарық,
күндей жарық арайлы.
Арай тұнған жанарыма,
Ай ұрланып қарайды.

Менің жаным – айдай нұрлы,
айдай нұрлы әдемі.
Әдемі, әсем тербеледі
сағыныштың әндері.

Менің жаным – сарша тамыз,
сарша тамыз күйдірер,
Күйіп-жанған сезім оттай –
ғашық жанды сүйдірер.

Менің жаным – ақша қардай,
ақша қардай, ақ тұман.
Жыр әлемге еніп барам,
бесігіне бақ тұнған.

Менің жаным – алуа жыр,
алуа жыр балдайын.
Бал-шырынмен уызданған,
уызына қанбаймын.

Менің жаным – сенің жаның,
Сөнбес менің жалыным.
Бар әлемге нұр төгейін –
Шуақ сыйла, Жарығым!

АЛТЫНЫМ 
Бесінші жыр

Күн де ынтызар, Ай да құштар алқама,
Бойтұмар-жыр берік қорған қалқаға.

Көз ұшынан қылаң берер арман қыз –
Арманына қанат байлап барған қыз…

Күн де ғашық, Ай да ғашық сырғама,
Түн жасырған маған жұмбақ сыр ғана…

Сан мың жұлдыз – куә мың бір түніме,
Сан мың жұлдыз – куә сыңғыр үніме.

Күн де ынтызар, Сақинама
Ай – құмар,
Ынтыққан көп… Сіз ғанасыз жайды ұғар.

Жалт-жұлт еткен дүниеге малданбай –
Қандай ғажап өмір сүру алданбай…

Жанарда мұң, санамда сан ойлар мың,
Көз байланған… Көкке самғап, бойлармын.

Жалған ғұмыр… кеткен екен ет өліп,
Саусағымнан шықпайды енді некелік.

Өзің таққан сол бір жүзік жалтырар,
Ол жүзікте періштенің Анты бар.

Пәк сезімнің бірге өткіздік бал-түнін,
Жүрегімде – берген сөзім, АЛТЫНЫМ!

Өмірімде бар тыным,
Жарқыным…


 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK