«Талдықорған аспанында өнер қалықтады»

446
Фото авторы А.Нұршанов

2006 жылдың 6 қыркүйегінде жұмысын бастаған Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық театр фестивалі ағымдағы жылы есімі тек қазақ халқына ғана емес, түркі жұртына мәлім Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналып, жетінші рет шымылдығын түрді. 31 қазан мен 6 қараша аралығында өткен «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты театр фестивалі күні кеше өз мәресіне жетті.

Фото авторы А.Нұршанов

Аталмыш фестиваль Қазақстан, Азия елдерінің кәсіби театр ұжымдарының үздік қойылымдарын көпшілікке ұсынып қана қоймай, шет елдің озық мәдениетімен танысуға және ұлттық өнерді әлемдік аренада танытуға зор мүмкіндік береді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы облысының әкімдігі мен Қазақстан Театрлары қауымдастығы ұйымдастырған шара достық қарым-қатынасты нығайтып, мемлекетіміздің мәдени имиджін қалыптастыруға септігін тигізуде. Сахна өнерінің көркемдік-эстетикалық әлеуетін арттырып, әлемдік бәсекелестікке еркін шығуға, жаңа есімдерді анықтауға, жаңашылдық пен таланттыларды қолдауға бағытталған фестиваль театр өнерінің өркендеуіне ықпал етері сөзсіз дейді театр тарландары мен өнер майталмандары.

Фото авторы А.Нұршанов

Жабылу салтанатында сахна төріне көтерілген КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Театрлары қауымдастығының  төрағасы Асанәлі Әшімов ізгі тілегін жеткізіп, мұндай шаралардың жиі өткізілуі қажет екенін тілге тиек етті.

Фото авторы А.Нұршанов

Сондай-ақ, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев «Талдықорған аспанында бір апта бойы өнер қалықтады. Бұл — жұртымыздың күнде қуаныш, мереке болсын деген ниеті. Жаңадан ашылған театр ғимараты осы фестивальге тарту сынды болды»-деп руханият ордасының көрерменге лық толы болуы көңілге қуаныш ұялататынын айтты. Айта кетейік, фестиваль аясында Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры «Айман-Шолпан», «Дариға-ай» жастар театры «Ричард III», «Театр 28» «Войцек», Алп Арслан атындағы Түркімен Ұлттық жастар театры «Көроғлы және Агаюну», М.Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театры «Іздеп таптым сені», Хасан Ажар өндірістік театры «Пирайе», Б.Қыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жасөспірімдер театры «Қасқыр ұлыған түн», Сырдария облыстық музыкалық драма театры «Ана — Жер – Ана», Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры «Нарком Жүргенов», С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры «Қарагөз», Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Қорғансыздың күні» қойылымдарын ұсынды.

Фото авторы А.Нұршанов

Қазылар алқасының шешімімен «Үміт» номинациясымен Мадина Өсербаева, «Дебют» номинациясымен Олжас Жақыпбек пен Жанат Оспанов, «Көрермендер көзайымы» номинациясымен Б.Қыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жасөспірімдер театры, «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесі» номинациясымен Аида Сұлпатаева, «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен Бақытбек Алпысбаев, «Ең үздік сценографиялық шешім» номинациясымен Шухрат Абдумариков марапатталды.  Бикен Римова атындағы «Ең үздік әйел бейнесі» — Мавлюда Маматилахунова, Құман Тастанбеков атындағы «Ең үздік ер адам бейнесі» — Еркебұлан Нұғманов атанды. «Ең үздік эпизодтық рөл» Гүлайым Анаменгалиева,  «Т.Жүргеновтің бейнесі үшін» Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері Сырым Әбдіразақов, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесін» Мұрат Чидамлим,

Дереккөз

«Асанәлі Әшімовтің өнер мен мәдениетті қолдау қорының арнайы сыйлығын» Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының репертуарындағы «Айман-Шолпан» қойылымы, «Т.Жүргенов атындағы арнайы сыйлықты»  Алп Арслан атындағы Түркімен Ұлттық жастар театры, Қызылорда облысы әкімінің арнайы сыйлығы «Үздік актерлік ансамбль» М.Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері  Гүлмира Исмайлова мен Фергат Гарипов иеленді.

Фото авторы А.Нұршанов

Сонымен қатар  Алматы облысы әкімінің арнайы сыйлығы «Ұлттық автордың үздік драмасы» аталымында «Нарком Жүргенов» қойылымы үшін  Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры, «Классиканың үздік заманауи интерпретациясы»  С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры «Қарагөз» спектаклі,  «Ең үздік режиссерлік шешім»  Әлімбек Оразбековке бұйырды. Ал, Гран-Приге «Театр 28» ұжымы ие болды. Театр көпшілікке Г.Бюхнердің өзектілігін жоғалтпаған әлем драматургиясының жауhары саналар «Войцек» трагедиясын ұсынған болатын.

Фото авторы А.Нұршанов

Азамат Сатыбалды, «Театр 28» жетекшісі: Менің түсінігімде өнер деген жеміс ағашының ең  биігіндегі жемісі. Оған аласаның бойы жетпейді. Сол үшін өнерпазға биіктік жарасқан. Баршаңызға сол биіктікті тілеймін. Бұл  ұжымның, мен қызмет жасайтын қара шаңырақ М.Әуезов театрының жеңісі. Өйткені аталмыш спектакльде сол театрдың білдей үш актері жұмыс жасады. Жеті деген қасиетті сан. Бұл бір жылдағы «Войцек» спектаклінің жетінші жүлдесі.  

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK