Талдықорған қаласының жалпы білім беретін орта мектептері арасындағы 2017-2018 оқу жылында өткен мектеп лигасының және оқу орындары арасындағы дене тәрбиесін сауықтыру мен спорттық жұмыстарын рейтингктік жүйеде бағалаудың қорытындысы шықты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жиын барысында қалалық спорт бөлімінің бұрынғы басшысы Әділет Рымтаев сөз алып, ағымдағы жылда атқарылған жұмыстарды баяндады. Айтуынша, бұқаралық спортты дамыту мақсатын көздеген қала көлеміндегі шаралардың саны жыл сайын артып келе жатқандығын тілге тиек етті. Мәселен, 2016 жылы – 264, 2017 жылы – 284, ал, 2018-де жыл басынан бері – 289 іс-шара өткен. Облыстық, республикалық жарыстарға Талдықорған қаласынынан 2017 жылы 77 құрама команда іс-сапарға жіберілсе, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 91-ге жетіп отыр. Биыл қалада 18 спорт шебері, 117 спорт шеберлігіне үміткер және 67 І дәрежелі спортшы дайындалған. Қала спортшылары жыл басынан облыстық, республикалық және халықаралық додалардан 62 алтын, 107 күміс және 101 қола медаль иеленген.

Жалпы, Талдықорғанда дене шынықтыру мен спортты дамытуға арналған 289 нысан бар. Бұл мектептер мен мекемелерде 33 спорт түрі бойынша 97 секцияда жалпы саны 6751 спортшы тәжірбиелерін шыңдауда.

Қала тұрғындары өз еркімен спортпен шұғылдану үшін де бар жағдай жасалған. Мәселен, 2017 жылы 4 жаңа спорттық алаң салынса, 5 алаң күрделі жөндеуден өткен. Үстіміздегі жылы да бұл үрдіс заңды жалғасын тауып, 3 жаңа алаң қолданысқа берілді. Алдағы уақытта, халықаралық стандартқа сай жүзу бассейіні, жеңіл атлетикалық манеж және велотрек сынды спорт нысандарының құрылысы басталмақ.

Айта кетейік, мектеп лигасында білімгерлер спорттың 10 түрі бойынша үздіктерін анықтаған. Жарыстарға 13 мыңға жуық оқушы қатысып, командалар белсенділік танытқан. Әділет Рымтайұлы жарыстардың өтуіне ұйытқы болған барлық мектеп директорлары мен ұстаздарына өзінің шынайы ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Сондай-ақ, коледждер арасында өткен жарыстар да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, студенттер командалық сайыста өзара мықтыларын саралаған.

Мектеп лигасының қорытындысы бойынша бас жүлдені №8 мектеп ұтып алды. Екінші орынды №15 орта мектеп иеленсе, үздік үштікті №25 мектеп түйіндеп отыр.

Ал, оқу орындары арасындағы Спартакиадада І орынды Талдықорған политехникалық колледжі ұттып алды. ІІ орын медициналық колледжіне бұйырса, агротехникалық колледжі үшінші орынды қанағат тұтты.

Жеңімпаздар қала әкімінің және облыстық спорт басқарамасының алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK