Күз. Аспанды қалың қара бұлт басып, күннің бетін тұмшалап тастаған. Қалың бұлттардың ар жағында тұрған тіршілік сәулесі бірде жылт етіп көрініп қалғанымен аспан әлемін жаулаған бұлттар оған бой бермей лезде тұмшалап үлгереді. Ал, күн нұрын аңсаған қара жер қамығып жатыр. «Шіркін, күн сәулесі тағы бір рет шығып арқамнан сипаса, бәлкім бұл сыздан арылып қалармын» дейтіндей. Жел соқса тал жапырақтары сылдырлап, құлақ құрышыңды қандырады. Сыбдыр қағып, бұтақтары майысып, бейне бір мың бұрала билеген қыз сияқты. Саябақ ішінде тіз қатар орналасқан сол ағаштар қазір төңірекке ерекше сипат беріп тұр. Ақ қайыңдар жартылай жалаңаштанып, айналасына құдды алтыннан шашу шашып, жомарттық танытып тұрғандай.

Дымқыл ауа, аздап ызғар бар. Бүйіріңнен суық жел желпіп өткенде өне бойың тітіркеніп, жаурап кетесің. Шіркін, осындайда жан дүниең бір жылулықты аңсайды-ақ..

Қазір жаураған күйі сол бақты аралап келемін. Ойым алабұрт. Әрі-бері өткен адамдар табиғаттың мұндай тың өзгерістерінен мүлдем  бейхабар. Төңірекке мен секілді ерекше мән беріп, назар аударып жатқан жан жоқ. Әйтеуір, білетінім барлығы бір жаққа асығуда. Түсінбеймін… Неліктен осы біз, адамдар үнемі асығыс үстінде жүреміз..? Шұғыл шаруа шығып қалса, соны орындамайынша жанымыз жәй таппайды ғой. Бір ақын айтпақшы «Жолға шықсақ жетуге асығамыз, жете салып кетуге асығамыз». Біреудің бойындағы мінін яки болмаса оның қателігін байқап жатсақ, соны өзге біреуге тезірек жеткізудің амалын қарастыратынымыз тағы бар.

Шыны керек, бала кезімізде барлығымыз тезірек ер жетуге асықтық емес пе.. Енді қазір ойлап қарасаң, керсінше балалық шаққа ештеңе жетпейді екен. Уайымсыз ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда. «Не киемін?», «Не жеймін?» деп бас қатырып жатқаның шамалы. Өкініштісі сол, енді ол дәурен қайтып оралмайды, құр қиялдайсың да қоясың.

Қазір есейдік. Ақыл-санамыз толықсып, ақты ақ, қараны қара деп тануға қабілетіміз де, қауқарымыз да жетеді. Алайда, жаратушының біздерге парыз қылып жүктеген міндетін орындауға асықпайтынымыз өкінішті. Тек, қу тірліктің соңына түсіп, алдамшы дүниенің қызығына масаттанып жүргеніміз ғана.

Әрине, адам баласы болғаннан кейін алдыға мақсат қойып, көздеген межемізге жетудің жолдарын қарастырамыз. Талпынып, тыраштанып жүріп әйтеуір биіктен көрінуге асығыстық танытатынымыз жасырын емес. Бірақ, бір нәрсені ұмытпаған жөн. Біздің тағдыр ағаш жапырағына ұқсас келетіндей. Көбісі күз мезгілінде сарғайып, жерге түссе, кейбірі қатты дауылдарға төтеп бермей жап-жасыл күйінде үзіліп кеткендігін көз көріп жүр. Сондықтан қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда уақытты тиімді пайдаланғанымыз абзал. Себебі, уақыт – қылыш секілді. Егер оны ырқыңа көндірмесең, ол сені кесіп түсіреді.

Меніңше, адам мен табиғат арасында ерекше бір байланыс бар секілді. Мен дәл қазір осындай тоқтамға келдім. Айналаңызға асықпай зер салып қараңызшы, барлық құбылыстар асығыс үстінде. Қоңыр күз болғандықтан болар ағаштар жел соқса сілкініп алып, ескірген жапырақтарынан тезірек құтылуға әзір. Тіпті, жасыл желектерінен ерте айырылған терек-талдар бүршік атуға даяр тұрғандай.

Табиғат ананың мұндай тылсым құбылыстарына тамсанғаным соншалық, қарашаның қара суығы қалайша күшейіп кеткенін де байқамай қалыппын. Күртешемді бүркеніп алдым да, жаураған күйі мен де үйге қарай асықтым.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK