Бүгін Талдықорған қаласының төтенше жағдайлар басқармасы «Қыс-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Биылғы дайындық қалалық көпсалалы ауруханасында өтті. Құтқарушылар алдымен ғимарат ішінде қалып қойған науқастар мен дәрігерлерді сыртқа шығарып, автобуспен қауіпсіз аймаққа көшірді. Одан кейін өрт шыққан жерлерді дереу сөндіріп, қауіптің бетін қайтарды.

«Мұндай оқу-жаттығулар жылына бір рет жоспар бойынша өткізіледі. Бұл өз кезегінде құтқарушылардың даярлық деңгейін арттырып, қыс мерзімі кезіндегі болуы ықтимал апаттардың алдын алуға септігін тигізеді», — дейді төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың бастығы Е.Д.Ахашов.

Жалпы, оқу-жаттығуға төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия, Өтенай және Еркін ауылдық округ әкімдері, қалалық  эвакуация комиссиясы мен азаматтық қорғау қызметтері, ТЖ жөніндегі басқарманың, Талдықорған гарнизонының, қаланың қорғаныс жөніндегі басқармасының  шұғыл әрекет ету топтары, қала тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындардың басқару органдары, ұйымдар, медициналық мекемелер, оқу орындары және авариялық-құтқару қызметінің құрылымдары қатысты.

Оқу-жаттығу соңында Талдықорған қаласы әкімінің  орынбасары Марлен Көлбаев кейбір құтқарушылардың сылбыр әрекетін сынға алып, орын алған аз-кем қателіктерге біраз ескерту айтты.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ. Құдай сақтасын, апат болып қалған жағдайда сіздер үнемі жылдам қимылдау керексіздер. Құтқару операциясын шұғыл атқару – басты міндеттеріңіз. Сондықтан, өз істеріңізге жауапкершілікпен қараңыздар», — деді.

Айта кетейік, «Қысқы кезеңдегі қиын жағдайлардың зардаптарын жою кезіндегі құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және оларды өткізу» тақырыбын арқау еткен шара қарашаның 1-і мен 2-і аралығында өтпек.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK