Бүгін Талдықорған қаласында күзгі санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында жалпықалалық сенбілік өтті. Тазалық шарасына 30 мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ, жұмысқа 24 техника және мыңнан астам құрал жабдық жұмылдырылып, 1240 текше (куб) қоқыс шаһар сыртына шығарылған, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныстың айтуынша, күзгі тазалық жұмыстары осымен төртінші рет өтуде. «Таза қала» акциясы аясындағы жұмыстар әлі де жалғасын таппақ.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Бүгінгі сенбілікке, 236 мекеме шығып, өздеріне тиесілі аумақты қоқыс қалдықтарынан тазартты. Атап айтқанда, барлық облыс және қала әкімінің аппараты, қалалық бюджеттік мекемелер, пәтер иелері коперативтері мен студенттер аталған іс-шарада белсенділік танытты. Жалпы, жұмыс барысында 307 шақырым арық жүйесі тазаланып, үш жүзге жуық көше ретке келтірілді.

Сонымен қатар, жалпы облыстық көшет егу іс-шарасына сәйкес, сенбілікте қаланың Оңтүстік-Батыс аумағына және Б.Ашимов көшесіндегі №28 орта мектептің алдында ағаш көшеттері отырғызылды.

«Барлығы 535 дана жапырақты ағаш отырғыздық. Сондай-ақ, «ТехноДом» сауда үйімен акция ретінде Каратал шағын ауданында 50 дана ағаш егілді», — дейді Талдықорған қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Қыстаубаев.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK