Бүгін Талдықорған қаласының Абай атындағы №1 мектебінде «Жетісу» кәсіби футбол клубының ойыншылары оқушылармен кездесіп, дене шынықтыру сабағын жүргізді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Қалалық спорт бөлімінің басшысы Әділет Рымтаевтың сөзіне сүйенсек, аталмыш шара ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында ұйымдастырылып отыр. «Чемпионмен шеберлік сыныбы» жыл аяғына дейін қаламыздың барлық мектебінде өткізілмек. Мұндағы мақсат – салауатты өмір салтын насихаттай отырып, үлкен ареналарда ел намысын қорғап жүрген спортшыларды оқушыларға үлгі ету. Ұйымдастырушылар бұл бастаманы өткен жылдың қазан айында қолға алған екен. Содан бері 17 шеберлік сағаты өтіпті.

Атап айтқанда, осы уақытқа дейін Мәулен Мамыров, Нұрбақыт Теңізбаев, Мерей Сүйінов, Дәурен Жұмағазиев және Ербол Қоңыратов сынды танымал спортшылар мектеп білімгерлеріне оқу жаттығу жүргізген.

Ал, бүгінгі сабаққа кәсіби футболшылар келді. Спортшылар футболдың қыр-сырын айтып, оқушыларға доп тебудің жолдарын көрсетіп берді. Сабақ соңында өздерінің жылы лебіздерін білдірген футболшылар оқушылармен естелікке суретке түсті. Сондай-ақ, мектепке естелік ретінде өздерінің қол таңбасы қойылған футбол добын сыйға тартты. Қызықты өткен кездесуден, балалар да ерекше әсер алды.

Әлібек Серік:

— Маған дене шынықтыру сабағы өте қатты ұнады. Енді бос уақытымда футбол үйірмесіне бармақшымын. Негізі, «Жетісу» футбол клубына жанкүйермін. Болашақта осы ағаларым сияқты кәсіби футболшы болғым келеді.

Жақып Қожамберді «Жетісу» футбол клубының ойыншысы

Жақып Қожамберді «Жетісу» футбол клубының ойыншысы:

Бүгін біз үшін ерекше күн болды. Ұйымдастырушыларға көп рахмет! Балалармен жаттығу жасап, оларға білгенімізді үйреттік. Оқушылар да ерекше әсер алды деген үміттеміз. Жалпы, жас жеткіншектерімізге мұндай танымдық шаралардың берері көп деп ойлаймын. Себебі, олардың осы арқылы қызығушылықтары оянып, спортқа деген ынтасы артады. Кім біледі? Мүмкін болашақта бұл балалардың ішінін чемпиондарымыз шығып қалар. Мәселен, сабақ барысында бір-екі баланың допқа икемі бар екенін көріп қалдым. Егер де олар футбол секцияларына барып, арнайы жаттығатын болса, нәтиже шығатынына сенімдімін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK