Ерсілі-қарсылы жөңкілген көліктер бірін-бірі соға жаздап барып әзер тоқтады. Мен мінген таксидің жүргізушісі шыдамсыздана сигналын басып-басып жіберді. Алдыңғы жаққа еріксіз назар аудардым. Қос көшенің қиылысар тұсынан бір оқушы өтіп барады. Апатты жағдайдың туындауына сол себепші секілді.  Алдыңғы лектегі бір-екі кісі терезеден басын шығарып әлгі оқушыға айқайлап, ұрысты. Оқушыны таныдым. Ол селт етпеді, ереже бұзғанын түсінсе де үндеместен жөніне кете барды.

— Сигнал беріп жатыр, қарамайды. Үлкеннің сөзін құлағына да қыстырған жоқ. Қазіргі жастар бұзылып барады, — деді жүргізуші.

— Ол ести алмайды, — дедім жол ақысын беріп жатып. Жүргізуші сұраулы кейіпте жүзіме аңтарыла қарады.

— Ол естімейді, өйткені олардың үнін естіп жатқан ешкім жоқ, — дедім де көліктен түсіп кеттім. Әлгі оқушының артынан жеделдете басып үнсіздік әлеміне мен де сүңгідім.

Иә, бұл үнсіздік әлемі. Бұл біздің қаладағы құлақ кемістігіне ұшыраған оқушыларға арналған арнаулы мектеп. Бұл жерге жұмысқа тұрғаныма 20 жыл болды. Мамандығым сурдо аудармашы болғандықтан оқушыларға ым тілін үйретемін. Әр сабаққа күлімдеп кіріп, күйзеліп шығамын. Өйткені көз алдыңда қол-аяғы балғадай, сүйкімді де қабілетті ұл-қыздар отырады. Сырт қарағанда он екі мүшесі сау секілді көрінер, бірақ құдай есту қабілетін шектеген. Бірінде сәл-пәл саңылау бар, нашар болса да естиді әйтеуір, енді бірі ана құрсағынан шыққалы желдің уілі, судың сылдыры, құстың шырылын естімеген саңырау. Әр балдырғанның жүзіне үңілген сайын шаттық пен балалығы тарқамаса деп тілеймін, өйткені өмір оларды тез есейтеді.  Олар аттың түгіндей еститіндер қоғамында ат төбеліндей естімейтіндер санатынан екенін сезінген күні есейеді.

Ресми статитика бойынша қазақстанда 24 мың адамның құлағы естімейді екен. Бұл саңыраулар қоғамында тіркеуде тұрғандар ғана, тіркелмей жүргендері қаншама… Елімізде 16 саңыраулар қоғамы, есту қабілеті бұзылған балаларға арналған 19 мектеп жұмыс істейді. Біздің мектеп соның бірі. Осыдан 30 жыл бұрын құрылған білім ордасында қазір 150 оқушы оқиды. Жылына  жиырма шақты түлек мектеп бітіреді.

Арнаулы мектеп-интернатының негізгі үш міндеті бар: бірінші – білім беру, екінші – сөйлеуге үйрету, үшінші – қоғамдық өмірге бейімдеу. Енді  осы үш бірдей мақсат пен міндет қалай орындалып жатыр деген сұрақ төңірегінде ойланып көрейік.

Бірінші – білім беру. Есту мүшесі кем жаралған жеткіншектердің білімі қазақстандағы басқа балалармен салыстырғанда қай деңгейде? Бұл сауалға жауап іздеп, мониторинг жүргізген мекемені көрмеппін, әлеуметтік зерттеуге құрылған мақаланы оқымаппын. Сол секілді саңырау бола тұра ерекше дарынымен көзге түсіп, топ жарып жүрген оқушыны да көп біле бермейді екенмін. Неге? Осы сұрақты өзіме жиі қоямын. Әрдайым жауап таппай қиналамын. Ғаламторды кезіп құлағы нашар еститін оқушылар туралы мәлімет іздесең де алдыңнан олардың мұң-мұқтажы жайлы материалдар бірінші шығады. Ал, олардың жалпыға ортақ зияткерлік бәйгелерінен жүлде алып жатқан жаңалығын іздесең де таппайсың.  Мысалы, қазір не көп оқушылар арасындағы олимпиада, интеллектуалдық бәсекелер көп. Халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық, мектепаралық… Соның бірде-бірінен арнаулы мектеп-интернатының  шәкірті жеңімпаз болып көрмепті осы күнге дейін. Жеңу былай тұрсын, қатыспайды да… Мұндай мектепті бітірген қыз-бозбалалардың жүзден бірі ғана ЖОО-ның студенті атанады. Неге бұлай? Олар шынымен қабілетсіз бе, әлде басқалай себептері бар ма? «Қабілетсіз, сабақ оқи алмайды» деп кесіп-пішіп айтуға ешкімнің дәті бармас. Құлағы кем жаратылған балалардың арасында алғырлары жетерлік. Тек соның бойындағы жылт еткен ұшқынды алауға айналдыра алмай отырған секілдіміз.  Оларға қолды бір сілтеп, кембағал деп қарайтын пиғылдан әлі арылып бітпедік. Біріншіден ата-ана салғырт. Мүмкіндігі шектеулі баласының басқа қасиеттерін танып-біліп, түрлі курстарға жетелеп апарып, сабақ үлгерімін қадағалайтын азаматтар сирек. Екіншіден мектептегі білім беру жүйесі дұрыс емес.  Сондықтан, білім бәйгесінде мүмкіндігі шектеулі балалардың аты озбайды, айы оңынан тумайды.

Мысал қажет етсеңіз, тыңдаңыз, айтайық. 2017 жылы қазақстанның білім беру жүйесі реформаланды. Осы реформаға сай арнаулы мектеп-интернаттың да бағдарламасы жалпы мектептің деңгейіне көшірілді. Осылайша туғаннан дыбыс естімеген, «а», «ә» деген әріп тұрмақ ондай дыбыс барын білмейтін балалар 1-сынып бағдарламасы бойынша оқуды бастап кетті. Үлгеріп жатыр ма?  Дені сау, балабақшада мектеп алды даярлықтан өткен балалардың өздері әрең игеріп жатқан сабақты мүмкіндігі шектеулі балдырғандар қалай оқып жатыр? Бұл сауалдарға әл-әзір қызығушылық танытқан ешкім жоқ.  Бұрынғы қалыптасқан методикаға сәйкес бір жылда 12 дыбыс қойылып, бір жыл бойы сол баланың санасында автоматтандырылуы тиіс еді. Одан кейін ғана дактильді(саусақпен әріпті тану) үйреніп, оқу мен жазу процесіне кірісетін. Ал қазіргі жағдай ескексіз қайыққа мінген адамның күйін кешіп отырмыз, көпке ілесіп ағыспен кетіп барамыз, қайдан барып шығарымыз беймәлім.

Бұл енді бірінші міндеттің орындалуына байланысты көрген-білген, көкейге түйген мәселелер. Енді мектеп-интернаттың мойнына артылған екінші жауапкершілікке келсек… Яғни мүгедек балалардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру. Бұл шаруаның да кетеуі кетіп, жүгі ауғалы қашан… Мектепті бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан жеткіншектердің барлығы бірдей сөйлеп кетіп жатыр деп айтуға болмайды. Жалпы құлақ кемістігіне ұшыраған балалар екіге бөлінеді: нашар еститіндер және мүлдем естімейтіндер. Дамыған елдерде мұндай балалар бөлек-бөлек оқытылады. Өйткені нашар еститіндердің дыбыстап сөйлеуге қабілеті мол, олардың құлағына арнайы есту қондырғысын қойып, кәдімгідей сөйлетіп жіберуге болады. Ал, мүлдем естімейтіндердің өз тілі бар. Ол – ым тілі. Біздегі бір қателік осы екі топтағы балаларды бірге оқыту. Бұл өз кезегінде балаға обал, ұстазға да оңай емес. Сөйлеуге қабілеті бола тұра балалар ым тіліне бейімделіп кетеді. Себебі орта сондай, оларға тілін бұрап түсіндіргенше ымдай салған әлдеқайда жеңіл болып көрінеді. Жыл сайын қаншама баланың шыққалы тұрған тілі шықпай қалып жатыр, қаншама балаға қиянат жасап жатырмыз, осы жағы өзекті өртейді.

Ал, ым тілі Қазақстанда өз деңгейінде қалыптасып, дамымаған. Ым тіліне арналған арнайы бағдарлама жоқ, тіпті оқулық та тапшы. Ым тілі мемлекетте қолданыста болған тілдер дамып, түрленген сайын жаңарып, толығып отыруы шарт. Өйткені күнделікті өмірде жүздеген терминдер, жаңаша атаулар пайда болып жатыр. Бір ғана компютерге байланысты қаншама жаңа сөздер сөздік қорымызға еніп үлгерді, ал біздің ым тілінде оның әлі күнге аудармасы жоқ. Ым тілінде маңызды рөл – ишара. Әр елдің өзіне тән, айтылуы, көрсетілуі болады. Ал қазақша ым тілінің аудармасы жоқ. Қазір біз Ресей мен Украиндық ым тілін қолданып, амалдап жүрміз. Қазақ тілінде жазылған «Үміт» мүгедектерді қолдау орталығы шығарған «Қол қимыл сөздігі» деген жалғыз кітап бар. Оның өзінде қателік көп.  Сол себепті қазақ балаларына арналған еңбектер ауадай қажет. Сонымен бірге, ым тілін мектепте оқытуды орта буынға көшкенде (5-6сынып) бастау қажет. Ым тілін үйренуде ескі әдістермен қатар жаңа технологияны да іске қосу керек. Мысалы: ұялы телефонға аудармасы бар қосымша орнатып, кез-келген уақытта қажетті сөзді тауып көре алатындай жағдай жасалу қажет. Ым тілін бір жүйеге келтіріп, оны үйрететін сурдоаудармашылардың біліктілігін көтеретін, қадағалайтын ұйым құрылуы керек.

Әуелгі екеуін айттық енді үшін міндеттің орындалуына келсек… Қазіргі таңда көптеген оқушы мектептен алған біліммен тоқтайды.  Яғни, оқуын жалғастырмай, үйінде отырады. Тиісінше қоғамға бейімделу процесі де  тоқтап қалады. Сол себепті құлағы нашар еститін жастарға арналған бағдарламалар, білім гранттары көбейтілсе деген тілегіміз бар. Соңғы жылдары техникалық және кәсіптік білім беру (ТЖКБ) ұйымдарында құлағы естімейтін  балалар оқитын инклюзивті топтар ашыла бастағаны қуантады. Инклюзивті білім берудің пайдалы тұстары көп.  Ең бастысы студенттің қоғамға бейімделуі жалғасады. Басқа студенттер сияқты шәкіртақы мен әлеуметтік жәрдемақы алады, жатақханада тұрады,  үйірмелерге қатысып, достар табады. Осылайша қоғамның толыққанды азаматы екенін сезінеді. Тек осы жүйені әрі қарай жетілдіру қажет. Өйткені колледждегі оқыту бағдарламасы естімейтін балаларға әлі бейімделген жоқ, материалдық-техникалық база да әлсіз. Кейбір пән мұғалімдері методика бойынша арнайы дайындық курстардан өтпеген, студенттің колледжді тәмәмдаған соң жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылмаған. Болашақта осы олқылықтар реттелсе, инклюзивті білім беру жүйесі бүгінгіден де пайдалы болар еді.

Осы мақаланы жазу барысында еліміздегі құлағы нашар еститін жастардың басындағы бірер мұң-мұқтажды айттық. Кейбірінің шешу жолдарын да ұсындық.  Олар естімейді екен деп олардың үнін де естімей қоймайықшы, өтініш! Онда олар емес, біздің қоғамның саңырау болғаны…

                                                                                        Окбаева Айгүл Жұмашқызы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK