Бүгін Талдықорған қаласында «Zhetysu Travel» халықаралық туристік форумы басталды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында өтіп жатқан жиынға Ресей, Қытай және Испания елдерінен арнайы мамандар келген. Шетелдік қонақтар маркетингтік құралдар жайында ақпарат беріп, туризм саласы бойынша елімізбен бірлесе жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдіруде, — деп хабарлайды  taldykorgan-online.kz

Форумның негізгі мақсаты – еліміздің, соның ішінде Алматы облысының туристік әлеуетін арттыру.

Жиында алғаш сөз алған облыс әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов сала мамандарына сәттілік тілеп, Жетісу жері туристер үшін өте қолайлы екендігін айтып берді.

Сонымен қатар, іс-шара аясында  облыстық туризм басқармасының 2018 жылдың жазғы маусымының қорытындысы бойынша жүргізілген жұмыстары туралы ақпарат берілді.

Айталық, Жетісу жерінде туризмнің даму деңгейі өте жоғары. Соңғы тоғыз айдың ішінде облысқа 1,7 миллион адам келген. Ресми мәліметтерге сүйенсек, нақты көлем индексі аймақта 148,7%-ды құрап отыр. Бұл басқа туристік бағыттардың деңгейінен асып түседі дейді мамандар.

«Форумға туризм саласы бойынша шетелден арнай мамандарды шақырып отырымыз. Оның арасында «TripAdvisor», «Яндекс» және «Profi.Travel» сынды арнайы туристтік компанияларды жарнамалайтын дүниежүзілік интернет платформасының өкілдері бар. Одан бөлек аумақтық деңгейдегі туристтік өнімдерді көрсететін жұмысшылар да бүгінгі жиынға қатысуда. Біз бизнес өкілдерімен келісіп, осы істі Алматы облысында дамытпақпыз. Алдағы уақытта цифрлық технологияларды қолдана отырып, туристтік әлеуетті одан әрі дамыту жоспарымызда бар.  Яғни, интернет платформалары арқылы туристерді Алматы облысына көптеп тарту – негізгі мақсатымыз», — дейді Алматы облысы туризм басқармасының бастығы Жанар Алчимбаева.

Сонымен қатар, іс-шараның сүбелі жаңашылдығы Алматы облысы әкімінің «Zhetysu Travel awards» сыйлығын беру болмақ. Байқау «Үздік туроператор, «Үздік орналасу орны» (қонақүй, демалыс базасы мен аймағы), «Туризм саласындағы үздік инвестор», «Үздік серіктес», «Туризм туралы үздік авторлық материал» (БАҚ өкілдері мен блогерлер), «Алматы облысының турситік мүмкіндіктерін алға жылжыту бойынша үздік PR-жоба», «Аймақтық туризмді және туристік инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымдары бойынша өтеді.

Форум 20-шы қазан күні «Тайқазан» ұлттық асхана фестивалімен аяқталады, оған 3 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK