Адамның өзін адам ретінде сезінуі оның әл-ауқатының дұрыс болуына тікелей байланысты екенін бүгінде ешкім жоққа шығара қоймас. «Үй болмай, күй болмайды» дегендей, әсіресе, тұрмыстық қиындықтың салдары елімізде бірқатар жандардың отбасы шырқының бұзылуына, балдырғандардың ел болашағына лайықты азамат болып өсуіне кері әсер етіп келе жатқаны сөзсіз. Бұл — мемлекет назарындағы мәселе. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында әрбір қызметкер мен жұмысшының тұрмыс сапасын арттыруға баса мән беріп келеді. Биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында Елбасы «Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы — Тәуелсіз еліміздің мәңгілік мұраты. Мен әрбір Жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін. Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту. Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда. Осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытады. Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ!»,- дей отырып, әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырды.

Осы орайда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков өткен аптада бірлескен меморандумға қол қойды. Онда облыс әкімдігі облыстағы бюджеттік қызметкерлер үшін жарнаның жартысын субсидиялап, өсімсіз несие беру туралы шешім қабылдады. Яғни, бюджеттік салада қызмет атқаратын азаматтарға, оның ішінде мұғалімдерге, дәрігерлерге «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 20 пайыздық алғашқы жарнаның 10 пайызын облыс әкімдігі өз мойнына алып, тұрғын үй сертификаты түрінде қайтарымды негізде ұзақ мерзімге пайызсыз несие береді. «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қ.Алтынбековтың сөзіне сүйенсек, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 40 млрд. теңгеден астам қаржыға өтінім қабылданған. Бағдарламаға 7 банк қатысуда. Банктер Алматы облысы бойынша 640 млн.теңгелік 53 өтінімді мақұлдаған. Жуырда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі директорының орынбасары Нұрғалиев Қуандық Төлеуғазыұлымен сұқбаттасып, мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы жайлы әңгімелеуін сұраған едік.

— Қуандық Төлеуғазыұлы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 15 жыл бұрын халықтың баспана жағдайын жақсарту үшін құрылды ғой. Осы уақыт ішіндегі жетістіктеріңіз қандай?
— 2018 жылдың алғашқы 6 айы ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 16 090 заем берді. Бұл — жалпы қазақстандық ипотеканың 80%-дайы. Тек жұмыс күндерін есепке алсақ, күн сайын орта есеппен шамамен 130 қазақстандық қоныс тойын тойлайды екен.
Баспана мәселесіне баса көңіл бөліп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне депозит ашуға келетіндердің орташа жасы 20 мен 30-дың арасында. Ал, заем ресімдеушілердің орташа жасы – 42. Банк арқылы баспаналы болып жатқан клиенттер мен журналистердің жартысы үйді қайталама нарықтан алғанды жөн көреді. Әдетте, олар заемды орта есеппен 6,5-7 жылға алады. Мұндай несиелер бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы 55 000 мен 82 000 теңгенің аралығында.
Құрылғанына 15 жыл болған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы уақыт ішінде 150 480 қазақстандық отбасыға баспана жағдайын жақсартуға көмектесті. Олардың 86%-ы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы пәтер алуды жөн көрсе, 6,6%-ы жөндеу жұмыстарына займ алған, ал 1,8%-ы үй салу мүмкіндігіне қол жеткізген. Осы ретте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттері жауапкершілігі ең жоғары займ өтеушілер екенін айта кету керек. Банктегі NPL деңгейі (уақтылы өтелмеген, өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелер) ел бойынша ең төмен көрсеткішке ие – бар болғаны 0,24%. Басқа екінші деңгейлі банктерде бұл көрсеткіш орта есеппен 9%-ды құрайды.
Қазір 1 188 063 адам 549,2 млрд. теңгенің салымын сенім білдіріп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде сақтап отыр. Бұл – елдегі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 12,8%-ы. Бес жыл бұрын аталған көрсеткіш 7,1%-ға тең еді. 2023 жылға дейінгі жаңа стратегияға сәйкес, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі экономикалық тұрғыдан белсенді халық арасындағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қатысушыларының үлесін 17%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Банк өнімдеріне деген жоғары сұраныстың себебі олардың қолжетімді болуында ғана емес. Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттері қызметті ыңғайлы жолмен алып, оған барынша аз уақыт жұмсасын деп, IT-технологияларды белсенді түрде енгізуде.
Өткен жылы іске қосылған, тұрғын үй сатудың электронды платформасы саналатын Baspana.kz жылжымайтын мүлік порталы қазақстандықтар арасында кеңінен танымал. Бұл жерде қызығушылық тудырған нысанды таңдап, баспана сатып алу бойынша тұрғын үй бағдарламаларының шарттарымен танысып, пәтер сатып алушылар пулына қатысуға өтініш беріп, ұнаған пәтерді таңдап, мүлікті сатып алуға дейінгі әрі қарайғы бар процесті оңай бақылап отыруға болады.
Осы уақытқа дейін Baspana.kz порталының көмегімен 9 000 отбасы үйлі болды. Қазіргі уақытта порталға 87 000 қолданушы тіркелген, сондай-ақ «Нұрлы жер» және «Өз үйім» бағдарламалары бойынша 15 491 пәтерден тұратын 215 нысан туралы ақпарат жарияланған.

— «Нұрлы жер», «Өз үйім» бағдарламасының шаһарымызда жүзеге асырылуы туралы толығырақ айтсаңыз?
— «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы Талдықорған қа-ласында 166 отбасы тұрғын үйге қол жеткізді. Талғар қаласында 60 пәтерлі үйден пәтер алуға тілек білдірген азаматтардың құжаттары тексерілуде. Келесі айда қоры-тындысы белгілі болады. Яғни, тағы 60 адам қоныс тойын тойламақ. Өтеген батыр кентінде 110 адам, Қапшағайда 50 адам баспаналы болады.
Сонымен қатар, «Нұрлы жер»- «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» бағдарламасы аясында Талдықорған қаласында коттеджді қалашықтағы 48 үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жеке тұрғын үйге қол жеткізуді қалайтын азаматтар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жылдық 5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен займ ала алады. Ең басты талап – аталмыш банктің депозитінде тұрғын үй бағасының 20 пайыздық мөлшері болуы тиіс әрі жергілікті әкімдікте жер учаскесін алуға кезекте тұруы міндетті. Қуанарлығы, 10 сотық жер телімі тегін беріледі де төлем коттедж үшін ғана алынады. Коттедж қалашығындағы үйлерді жыл аяғына дейін тапсыру жоспарланған.
«Өз үйім» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы «Қаратал» ықшам ауданында 82 пәтерлік тұрғын үй, Қаскелең қаласында «Алатау ажары» ТК пайдалануға берілмек. Бағдарламаның артықшылығы: несие бойынша пайызы төмен, үй құны нарықтық бағадан төмен, Астана мен Алматыда екі жыл тіркеуде тұру қажет емес әрі меншігінде үйі бар адамдар да қатыса алады. Құрылыс нысанын таңдауға, үлестік қатысу арқылы үй сатып алу мүмкіндігі де бар. Бүгінгі таңда Талдықорған қаласы бойынша оңтүстік-батыс аудандағы 6-8 ықшам аудандарында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 350 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталып, жүргізілуде. Оған тілек білдірушілерден құжаттарды қабылдау шарасы 22 қазан мен 22 қараша айының аралығында жүргізіледі. Сондай-ақ, үш 16 қабатты 230 пәтерлі және 60 пәтерлі екі үй жыл аяғына дейін осы бағдарлама аясында берілетін болады. Тұрғын үйлердің әр шаршы метрі
140 мың теңгеге бағаланып, жылдық 5 пайыз займмен беріледі. Ең басты талап –Банктің депозитінде тұрғын үйдің 20 пайыздық құнын құрайтын қаражат болуы керек. Қатысуға тілек білдірушілер БАСПАНА.КZ жылжымайтын мүлік порталындағы байқауға
қатысуға тапсырыс берсе болғаны. Қажетті қосымша ақпаратты: 8 775 947 81 10, 8 771 191 15 22, 8 701 704 44 00 телефондары арқылы білуге болады.

— Салымшылар мен тұрғын үйге қол жеткізгісі келетін азаматтар үшін тағы қандай мүмкіндік түрлері қарастырылған?
— Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – Кеңесшілердің әлеуметтік желісін іске қосқан Қазақстандағы жалғыз қаржылық ұйым. Бұл жүйе клиентке жұмыста немесе үйде отырып-ақ қашықтан шот ашуға мүмкіндік береді. Ол үшін ұялы телефоннан 300 нөміріне немесе банк сайтындағы кеңесшілер нөміріне қоңырау шалып, кеңесші шақыру керек. Қазірдің өзінде 300 мың қазақстандық осы қызмет түрін пайдаланып үлгерді.
2018 жылдың мамыр айында банк депозиттерді онлайн-табыстау атты жаңа сервисті іске қосты. Ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі шоттарын қашықтан сатуға және сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл жаңа қызметті осы уақыт ішінде жалпы сомасы 494 006 898 теңгеге депозиттер сатқан 200-ден астам адам қолданды. Сатылған депозиттер арасында ең жоғары сомасы 10,3 млн теңгеге тең. Жалпы алғанда, банк салымшылары сатылымға шығарған депозиттердің орташа сомасы 2,1 млн теңгені құрады.
Сондай-ақ, банк қазір видео-консультация атты жаңа қызметті іске қосты. Оның көмегімен банктің болашақ клиенттері мен қазіргі салымшылары видеобайланыс арқылы менеджерге хабарласып, депозит және несие, жаңа шарт бекіту, шот бойынша көшірме алу, постдепозиттік операциялар мен анықтама ресімдеу туралы қашықтан кеңес ала алады. Бұдан бөлек банк менеджері аталған сервистің көмегімен сайтпен, «ЖССБ 24» интернет-банкингімен және Baspana.kz жылжымайтын мүлік порталымен жұмыс істеуге көмектеседі. Бұл жағдайда клиент видео-қоңырау шалып, видеобайланыс операторына ашылған веб-парақшаны бірлесіп пайдалануға рұқсат береді. Осылайша банк менеджері клиенттің іс-әрекетін бақылап, қажет болған жағдайда арнайы курсордың көмегімен қай беттерді ашу керек екенін көрсетеді. Алайда ол клиенттің компьютерінде өз бетінше қандай да бір операциялар жүргізе алмайды. Видеобайланыс қызметі www.hcsbk.kz сайтына және Baspana.kz порталында қосылған. Оны қолдану үшін интернеті бар смартфон немесе компьютер қажет.
Бизнес-процестердің мұндай автоматтандырылуы мен цифрландырылуы клиенттерге қызмет көрсету уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. Мәселен, қазір тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісім-шарт бекіту 5 есе жылдам жүреді (осыған дейін бұл іске 30 минут жұмсалса, қазір 7 минут жеткілікті). Несие өтінімі бар болғаны 1,5 күн ішінде қарастырылады, бұл бұрынғыға қарағанда 4,5 есе тез. Сондай-ақ, постдепозиттік операцияларға кететін уақыт та 6 есе қысқарды: осыдан бұрын клиент аталған процеске 1 сағатын арнайтын еді, қазір 10 минут қана кетеді.
Банк жаңа технологияларды жұмыс процесіне енгізуді әрі қарай да жалғастыра бермек. 5 жылдан кейін клиенттерге қызмет көрсетуге арналған барлық операцияның 70%-ын онлайн-режимге ауыстыру жоспарланып отыр.

— Биылғы жылы әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамту мәселесі де шешімін тапқандай. Осы орайда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қандай шаралар атқаруда?
— Қазақстанның алғашқы 64 әскери қызметшісі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен қолжетімді несие алып, қоныс тойын атап өтті. Қазір банкте тағы 285 өтініш қосымша қарастырылып жатыр. Олардың көпшілігі Астана және Алматы қалаларынан келіп түскен. Отан қорғаушыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынатын жеңілдетілген заемдардың шотта жиналған сома мен таңдалған тұрғын үйге байланысты белгіленген үш түрі бар. Мәселен, үй құнының 5%-ына тең бастапқы жарнасы бар әскери қызметші жылдық мөлшерлемесі 7% болатын несиеден үміткер атанады. Бұл жағдайда клиент таңдаған баспана жаңа үйлер нарығынан, құрылыс салушы ұсыныстарының бірі болуы тиіс. 20% көлеміндегі бастапқы жарнасы бар әскери қызметші үшін несиенің жылдық мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендейді. Мұнда да үйді құрылыс салушының өзінен сатып алу керек. Ал қайталама нарықтан өзім таңдап аламын деген әскери қызметшіге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі депозитке 20%-ға тең бастапқы жарна жинау керек және жылдық мөлшерлемесі 8% болатын несиеге өтініш беру қажет. Статистика бойынша, займның осы соңғы, яғни, қолданыста болған үйлер нарығынан баспана алуға мүмкіндік беретін түрі әскери қызметшілер арасында ең үлкен сұранысқа ие. Танымалдылығы жөнінен екінші орында 5%-ға тең бастапқы жарнаны талап ететін несие тұр. Әскери қызметшілерді жеңілдетілген шарттармен несиелендіру үшін банк өз қаражаты есебінен 74 млрд теңге бөлді. Аталған сома үміткерлер арасында әділ және ашық бөлістірілуі үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арнайы ұпай жүйесін құрды. Оның басты критериі ретінде бағдарламаға қатысушының әскери қызметте өткізген мерзімі алынды, яғни әскери қызметтегі әр толық ай үшін 0,5 ұпай беріледі. Үміткерлердің өтініштері Askeri.baspana.kz порталында қабылданды. Бір айдың ішінде барлығы 13 мыңдай өтініш келіп түскен екен. Қазіргі уақытта 4 430 үміткер іріктеліп алынған. Тағы 1000-нан астам үміткердің деректері тексерілуде. Үміткерлер тізіміне Шекара қызметі, Ұлттық Ұлан, Әскери прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Мемлекеттік қорғау қызметтерінің қызметшілері кірді. Ең көп өтініш Қорғаныс министрлігі өкілдерінен келіп түскен. Арнайы әскери бағдарламаға қатысамын деуші 7 755 адамның ішінен пулға кірген 1 900-і осы ведомстводан болып отыр. Әскери қызметші тұрғын үйді несие сомасына қарай өзі таңдайтын болады. Несие сомасы үміткерге мемлекеттен берілетін тұрғын үй төлемі негізінде есептеледі. Ал тұрғын үй төлемінің көлемі қызмет атқаратын аймақ пен отбасы құрамына байланысты анықталады. Яғни, отбасы неғұрлым үлкен болса, төлем сомасы да соғұрлым жоғары. Мысалы, Астанада тұрғын үй төлемі сомасы 48 870 теңгені құрайды. Ол әр отбасы мүшесіне беріледі. Яғни екі баласы, жұбайы бар әскери қызметшіге айына 195 480 теңге төленеді. Заем мерзімін 14 жыл деп алсақ және несие бойынша ай сайынғы төлем сомасы тұрғын үй төлемінен аспауы керек деген ережені ескерсек, займ сомасының 19,2 млн теңге екенін анықтауға болады. Баспананы жаңа үйлер нарығынан жылдығы 7% болатын несие арқылы алуға болады. Бұл жағдайда бастапқы жарна бар болғаны 5%-ды құрайды. Бір адамға берілетін тұрғын үй төлемі 28 548 теңгені құрайтын Қарағандыда дәл осындай шарттармен құны 12,3 млн теңге болатын үйдің, ал Шымкентте 8,9 млн. теңгеге тең баспананың иесі атануға болады. Тұрғын үй төлемдерін баспана сатып алу үшін бір рет қана пайдалануға болатындықтан, отбасын құрып үлгермеген немесе әлі ата-ана атанбаған жас әскери қызметшілерге пәтер сатып алуға асықпаған дұрыс. Оның орнына Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, тұрғын үй төлемдерін сол жерде жинай берген, ал, үй сатып алуға арналған байқауға келесі жылы қатысқан тиімдірек. Әскери қызметшінің депозитте жинаған қаражаты мен тұрғын үй төлемі сомасы үлкен болса, кең пәтер сатып алу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Тұрғын үй төлемдерін пайдалана отырып тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысу, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдетілген заем алу, сондай-ақ басқа банктерде берілген ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мен үлестік құрылыстан үй алу мүмкіндігі 2018 жылдың басында пайда болған еді. Бұл туралы өзгерістер заңнамаға енгізілгенді. Ал, оған дейін тұрғын үй төлемдері тек үй жалдауға ғана жұмсалынып келген болатын. Қазіргі уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде тұрғын үй төлемдері аударылып отырылатын 70 мың шот бар.
— Қуандық Төлеуғазыұлы, сізге алғыс айтамыз. Облыс, қала тұрғындары бүгінгі сұхбатымыздан өздеріне қажетті ақпаратты алады деген ойдамыз.
Жалпы, Алматы облысы бойынша бюджеттік салада қызмет істейтін азаматтарға, соның ішінде дәрігерлер мен мұғалімдерге қолдау ретінде қайтарымды негізде ұзақ мерзімге пайызсыз несие беру үшін облыстық бюджеттен 2 млрд. теңге бағыттау көзделген. Шамамен 500 мың шаршы метр болатын қолжетімді тұрғын үй салынады. «Баспана» ИҰ» АҚ өкілінің айтуынша, егер тұрғын үй құны 10 млн. теңгеден аспаса, онда ипотекалық несие оның 8 млн. теңгесін құрайды. Клиент алғашқы жарна ретінде мил-лион теңге құяды. Тағы миллион теңгені Алматы облысының әкімдігі құяды. Нәти-жесінде ипотека бойынша ай сайынғы төлем мөлшері 56 мың теңгеден аспайды. Алматы облысының әкімі А.Баталов аудан, қала әкімдеріне «7-20-25» бағдарламасының орындалуына аса жауапкершілікпен қарап, тұрғын үй бағдарламасына қатысуға білдірілген өтінімдер мен берілген заемдар туралы апта сайын есеп беруді тапсырды. Осы орайда, күні кеше ғана Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Алматы облыстық филиалы, «Банк ЦентрКредит» АҚ АОФ өкілдері мен Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының орынбасары Марат Омарұлы, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың қатысуымен тұрғындарға «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы жайлы толыққанды түсініктемелер берілді. Аталмыш бағдарламаға тұрақты жұмысы бар кез-келген адам қатыса алады. «Қарыз алуға өтініш берген адамның өз атына тіркелген жылжымайтын мүлігінің жоқ болуы – бастапқы шарт. Жаңа бағдарлама аясында Қазақстанның кез-келген аймағынан жаңа тұрғын үй сатып алуға болады. Алматы, Астана, Ақтау, Атырау қаласындағы баспана құны 25 млн. теңге төңірегінде болса, өзге өңірлер үшін 15 млн. теңге көлемінде белгіленген. Яғни, Алматы облысының тұрғындарының «7-20-25» бағдарламасы бойынша 15 млн. теңгеге дейін банктен несие алуға мүмкіндігі бар»,- дейді банк өкілдері. «Талдықорған қаласы бойынша 2022 жылға дейін 65 тұрғын үй салу көзделген. Бүгінге дейін шаһарымызда 98 пәтерлі 3 тұрғын үй пайдалануға берілсе, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 16 қабатты 230 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Келер жылы аталмыш бағдарлама бойынша 78,9 мың шаршы метрді құрайтын 1 261 пәтерден тұратын 22 тұрғын үй салу жоспарланған. Қазіргі таңда Талдықорған қаласында «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге қол жеткізуді мақсат тұтқан бюджеттік мекеме қызмет-керлеріне әкімдік тарапынан қолдау көрсетіп, 20 пайыздық алғашқы жарнаның жартысын өтеуге көмектесу мақсатында шаралар атқырылуда. Сондықтан да, бюджеттік мекеме қызметкерлері қаламыздағы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы орналасқан ғимаратқа келіп, арнайы тізімге жазылуы тиіс екенін ескертеміз. Бұл бюджеттік салада қызмет атқаратын қала тұрғындарының қанша пайызы тұрғын үйге мұқтаж екенін анықтауға мүмкіндік береді»,- дейді қала әкімінің орынбасары Марлен Қапашұлы.

Гүлжанат Нұршанова.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK