Алматы облысының жұмыспен қамту басқармасы
дереккөз

«Солтүстіктегі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Жетісуда»  атты баспасөз-мәслихаты өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өтті. Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламасы»  аясында  республикамыздың солтүстік-шығыс өңірлеріне көшу мүмкіндіктері мен бос жұмыс орындары туралы түсіндіру жұмыстары  тұрақты жүргізіліп келеді. Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова мен Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов сұхбат алаңына келіп, атқарылып жатқан игі жұмыстар жөнінде  баяндады.

Еліміздің оңтүстік аймағы саналатан Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарында  туу көрсеткіші артып,  халық саны еселене түсуде. Онымен қоса жұмыссыздық белең  алып отыр. Керісінше, солтүстік облыстарда жұмыс күші жетіспейді. Мәселен, қазіргі таңда Павлодар өңірінде  800 мыңға жетер-жетпес тұрғын бар.  Ал  жер асты байлығына бай өңірде мамандар тапшылығы анық сезіліп отыр. Спикер Қайрат Қайыржанұлының айтуынша, қоныс аударушылар  үшін облыс басшысының бастамасымен  жақсы  істер қолға алынған. Соның бірі- тілек білдіріп, мал басын өсіремін деген азаматтарға 3 жылға дейін бағып-қағуына 50 бас қой беріледі.  Мал басын өсіріп, қара. Үш жылдан соң  көмекке берілген 50 басты қайтарып береді. Бұл қазір қоныс аударғандардың өз-өзін жұмыспен қамтуына  үлкен көмек болып отыр.

Жалпы алғанда, солтүстік облыстарға жұмыс істейтіндерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Барлық жол шығындары өтеліп, жалға  алынған үйдің төлемі, не болмаса тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек беріледі.

«Еліміздің бес аймағынан өткен жылы 300 отбасы, 1500 мүшесімен  көшіп келді.Ниет білдіргендерге жол шығыны, баспана жалдауды айтпағанда, сол барған жеріне үйренісіп кеткенше, жұмысқа тұруын да қадағалап отырамыз. Облыс басшысы әр үш ай сайын барып, қоныс аударушылардың қал-жағдайын біліп тұрады. Өз шаруасын дөңгелентіп  әкету үшін жер сұрайтындар қатары көп. Ауылшаруашылығы мамандары, мұғалім, мал дәрігері, әлеуметтік сала қызметіне сұраныс артып отыр. Өңірде 4 мыңдай бос жұмыс  орындары бар. Сондай-ақ, Ресей, Қарақалпақстан, Өзбекстаннан қандас ағайындар  көптеп көшіп келіп жатыр», — дейді   Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы.

Басқарма қызметкерімен мобильді топ құрылып, олар ерікті қоныс аудару бойынша жұмыс берушілер, тұрғындар арасында  осындай көшпелі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мұндай кездесулер Алматы облысының Қарасай, Кербұлақ, Ұйғыр, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Алакөл, Ақсу, Сарқан, Талғар аудандарымен қоса Текелі, Талдықорған, Қапшағай қалаларында өткізілген. Сондай-ақ, жастар арасында бағдарлама маңыздылығын түсіндіру мақсатында университетті аяқтаушы түлектермен кездесті.

Биылғы жылы солтүстік өңірлерге 461 отбасыны көшіру жоспарланған.  Жұмыс берушілер қатарындағы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары  осыған дейін 19 өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келіп қатысқан.  Нәтижесінде, солтүстік аймақтарға отбасы мүшелерінің саны 626 адамнан құралған 152 отбасы қоныс аударған.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK