Велоспорттан Қазақстан құрамасы Аргентина елінің астанасы Буэнос-Айресте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындарында командалық жарыста топ жарды. Осылайша Қазақстан құрамасының қоржыны 3 алтын медальмен толықты, — деп хабарлайды Vesti.kz. сайтына сілтеме жасаған taldykorgan-online.kz

Бес кезеңге созылған жарыста қазақстандық велоспортшылар Евгений Федоров пен Глеб Брусенский көш тізгінін еш құрамаға ұстатқан жоқ. Әр кезең сайын ұпай санын арттырып, қарсыластарынан қара үзіп шықты.

Қазақстандық спортшылар бес кезең бойынша барлығы 418 ұпай жинап, Олимпиада чемпионы атанды. Күміс жүлдені еншілеген Люксембург құрамасынан 142 ұпайға озды. Қола жүлдені 253 ұпай жинаған Ұлыбритания құрамасы иеленді.

Қыздар құрамасы сапында Марина Курнасова мен Светлана Пащенко жалпы есепте 6-орын алды.

— Біз әрі кетсе үздік үштікке енеміз деген мақсат қойған едік. Алайда, әлеуетеміз одан да жақсы екеніне көз жеткіздік. Алтын медаль алуға мүмкіндік барын сезген соң, өзімізді қамшылаумен болдық. Қазіргі көңіл-күйімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Шыны керек, маунтинбайк бізге қиын соқты. Оның үстіне, бүгін жарыс кезінде велосипедімнің отырғышы сынып кетті. Қуанышқа қарай, бәрі жақсы аяқталды», — дейді Брусенский ҚР ҰОК сайтына берген сұхбатында.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 3 алтын 1 күміс 1 қоламедаль бар. Алда әлі үш бірдей қазақстандық боксшы чемпиондық атаққа таласады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK