«Бүгінде Алматы облысында қант қызылшасын жинаудың қауырт мезгілі. Алынған өнімді еш кедергісіз қабылдауға өңірдегі Ақсу, Көксу қант зауыттары сақадай сай» — дейді мамандар. Нақтырақ айтсақ, биыл аймақтағы тәтті түбір егілген жер көлемі бұрынғы 9 мың гектардан 11 мың гектарға ұлғайтылған. Соның 130 гектары талдықорғандық диқандарға тиесілі.  Шаһар егіншілері биыл мол өнім алудан үмітті.  Дей тұрғанмен, олар сол өнімді тасымалдауға көлік тапшы екенін алға тартады.

Талдықорған қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Жамаубаев қала диқандарында шынымен өнім жинайтын арнайы техника және тасымалдайтын жүк көлігі тапшы екенін растайды. Сондай-ақ, ол:  «Соңғы бірнеше жылдан бері өңірдегі шаруалар жаппай қызылша өсіруге ден қойды. Бұл мемлекет басшысының басты тапсырмаларының бірі. Мәселен, биыл талдықорғандық шаруаларға 130 гектар алқапқа тәтті түбір егу міндеті жүктелген. Алайда, кейбір шаруалардың жері сортаң болумен қатар ауа райының қолайсыздығынан сепкен тұқымы дер кезінде шықпай қалып, кейін қайта майбұршақ екті. Сонымен, биылғы қалаға қарасты қызылша алқабы 95 гектарға түсіп қалды. Ал, қант қызылшасын өсірумен шаһарда 6 шаруа қожалығы айналысады. Қазір өнім жинау жұмыстары қарбалас жүріп жатыр. Жиналған өнім көрсеткіші де жаман емес. Әр гектар жерден 360-400 центнерден өнім алынуда. Өткен жылы жалпы, 92 гектар жерден 3 мың тоннаға жуық өнім алынса, биыл 3 жарым мың тонна өнім жиналады деп күтілуде.  Бүгінгі күнге жалпы өнімнің 20 пайызы, яғни   670 тоннаға жуық өнім жиналды. Диқандар арзандатылған жанар-жағармаймен толық қамтылған. Оның үстіне шаруалар бұрынғыдай өнімді қайда өткізем деп бас ауыртпайды. Шаруа құрылымдары шыққан  өнімді қант зауыттарына жеткізген соң жасалған келісім бойынша әр тоннасы 18 мың теңгеден бағаланады. Оның 10 мың теңгесі мемлекет тарапынан субсидияланады» –деді.

 «Жер-Ана» шаруа қожалығының жетекшісі Абай Нұрғали 30 гектар жерге қант қызылшасын еккен. Қазір оның тең жарымы жиналған. Шаруашылық иесінің айтуынша, қыс – қыр астында. Шыққан өнімді еш ысырапсыз жинап алу уақыт күттірмейтін мәселе. Зауыттарда ұзынсонар кезек тағы бар. Бірақ кейбір шаруалар алған өнімін тасымалдайтын көлік таппай қиналуда. Ондай жүк көліктері мен өнім жинайтын техника қала диқандарында жоқ. Өнімді қолмен жинауда. Сол үшін шаруалар көлікті елден сұрауға мәжбүр. Басқалардың да мынадай жиым-терім кезінде көлігін бере қоюы екіталай. Осы мәселе көпке біраз қолбайлау болып тұр. Сондықтан, қала әкімдігі өнім тасымалдайтын жүк көлігі жағынан көмектессе дейді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK