Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Әдебиет – руханияттың діңгегі» атты тамаша әдеби кеш өтті. Кеш қонақтары  қазіргі қазақ әдебиетінің поэзия жанры бойынша қыздар арасында қарымды қалам тербеп жүрген үш буын өкілі. Олар белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Зайда Елғондинова, ақын Роза Сейілхан және жас қаламгер Әлия Іңкарбек.

Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында қолға алынған игі шараның басты мақсаты – сүбелі сөз өнері арқылы жастар санасында ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, дінін, тілін жан-жақты  жаңғыртып, төл мәдениетімізді дәріптеу. Танымал дарын иелерімен әр ай сайын тұрақты түрде  өткізіліп келе жатқан кездесуді Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды. Кеш жүргізушісі Қазақтан Жазушылар Одағы Алматы облыстық филиалының директоры,  ақын  Ерлан Жүніс.

 

Жүздесу жастармен сұрақ-жауап, сұхбат түрінде өтті. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» демекші, әр ақын өзіне қойылған сауалдың жауабын отты жырын оқу арқылы қайтара білді. Қалың өлең сүйер қауым алдында сөз алған Зайда Елғондинова:  «Дүниеде екі нәрсе ғана бар. Бірі — Аллаға сену, екіншісі — ата-баба руxына тағзым ету. Ал, жаратқан иеміздің маңдайға берген киелі өнерімен жер жаһанды әнмен әрлеп, жырмен жырлап, көпке рухани азық сыйлау бір ғанибет » – деді. Кездесу барысында  кеш иелерінің ұсынысымен  жергілікті ақын-жазушылар да  өз өлеңдерін оқып көптің қошаметіне бөленді. Осылайша, салмақты ой, саралы сөзді поэзия тілімен жеткізген үш буын өкілі әдебиет әуескерлеріне рухани бір серпіліс әкелгені анық. Себебі, үш қаламгер өз өмір тәжірибелері арқылы жастарға жаңа бағыт-бағдар беріп, қазақ әдебиетінің бүгінгі биігін атап көрсетті.  «Бұл бастама шынымен жастардың әдебиетке деген құлшыныстарын арттырып, ой-өрісін кеңейтуге тың жол ашатыны анық», –  дейді мамандар.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK