автор

Жақында әлеуметтік желілерде Бахрейнде өткен ММА жекпе-жек спорт түрінен алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтаған талдықорғандық мұғалім Гүлмира Нұғманова туралы ақпараттар тарап кеткен еді. Қаршадай қыздың жетістігіне біз де қуанып, сұхбаттасу керек екен деп ойлағанбыз. Сәті кеше түсті.

Гүлмираны өзі жұмыс істейтін М.Жұмабаев атындағы № 19 орта мектеп-гимназиясынан жолықтырдық. 2-сыныптағы 26 оқушыға жетекшілік етеді екен.

— Ұстаздық жұмыс та оңай емес, ал спорт тіптен қиын. Осы екеуін қалай ұштастырып жүрсіз?

— Мұның түк қиындығы жоқ. (күліп алды) Спортты мектеп оқып жүргеннен жақсы көрдім. 6-сыныпта дзюдомен айналса бастадым. Сондықтан, күнделікті жаттығу жасау әдетіме айналып кетті. Ал, осы білім ордасында 3 жылдан бері еңбек етіп келемін. Адам өзі қаласа, бәрін қиыстыра алады. Әлі жаспын) Спортта бағындырар биіктерім алда деп ойлаймын. Әрі оған ұстаздық ету ешқандай кедергісін тигізбейді.

— Дегенмен, спорт болған соң оқу-жаттығу жиындары жиі болатын шығар? Ондай кезде оқушыларыңызды қайтесіз?

— Оқу-жаттығулар осыған дейін жаз айларында болған. Осы жолы ғана оқу жылының ішінде болды. Қиындықтан әріптестерім құтқарды. Оқу-жаттығу кезінде мені алмастырып, оқушыларыма жоқтатпады. Сол үшін осы мектептің мұғалімдеріне алғысым шексіз. Ал, жалпы алсақ, білім беру ісі аса жауапты. Сондықтан, оқушыларымды қараусыз қалдырмауға тырысамын. Ұстаз болғандықтан, менің ең бірінші мақсатым — білімді ұрпақ тәрбиелеу.

— Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?

— Мен Сарыөзекте, қарапайым отбасында туып-өстім. Үйде үшеуміз. Ағам және әпкем бар. Менен басқа ешкімнің спортқа айтарлықтай қызығушылығы жоқ) Алғашқыда, ата-анам «спорт қыз бала үшін қиын ғой» деп қарсылық білдірген. Бірақ, мен өзімді дәлелдей алдым. Жақсы нәтижелер көрсеттім. Орайы кеп тұрғанда, мақатана кетейін. Осыған дейінгі жарыстарда жүлделі орындардын көрінетінмін.

— Ал, Бахрейн ше? Талдықорғандықтар сізден жүлде күткені жасырын емес. Не кедергі болды?

дереккөз

— Мен үшін тақым қысқан ағайынға мың рахмет! Ия, өкінішті. Жарысты жақсы бастағаныммен, екінші кездесуде венгриялық спортшыға есе жіберіп қойдым. Ол менің өз қателігімнен болды. Тактиканы дұрыс таңдамадым деп ойлаймын. Өкінбеңіздер) Сіздердің сенімдеріңізді әлі де ақтаймын. Менің екінші мақсатым — жекпе-жектен Әлем чемпионы атану.

— Чемпион болу үшін көп жаттығу керек. Үлгересіз бе?

дереккөз

— Әрине. Мен күнделікті кешкісін 2 сағат уақытымды спорт залында өткіземін. Жаттықтырушым Нұрлан Аманқұловтың айтқандарын орындаймын. Дайындығым жаман емес секілді. Бұйырса, алдағы додаларда олжа салармын деп ойлаймын.

— Әңгімеңізге рахмет! Алар асуларыңыз аласармасын. Жетістіктермен қуанта беріңіз!

— Сіздерге де рахмет! Оқырмандарыңыз көп болсын!

Біздің анықтама: Нұғыманова Гүлмира Есімқызы 1993 жылы 10-маусымда дүниеге келген. Оқушы, студент кездерінде дзюдо, баскетбол, джиу-джитсу спорт түрлерімен мықтап шұғылданған. 56-57 келі салмақта өнер көрсетеді.

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ түлегі. Магситратураны да тәмамдаған.

2016 жылы Грузия елінде өткен панкратионнан әлем  чемпионатында топ жарып, қола жүлдені олжалады. Сондай-ақ, грэпплинг жекпе-жектен бірнеше  мәрте Қазақстан Республикасының жеңімпазы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK