Айман — еліміздің «Үздік педагогы»

461
Айман Қабдығалиева
Суретті түсірген Д.Сағындықов

Жас ұрпақты  білім  нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны ұстаздарға да шеберлік керек. Бұл орайда, елімізде мұғалімдерді жан-жақты қолдау шаралары көптеп қолға алынған. Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясы  директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Айман Қабдығалиева жайлы талдықорғандықтардан  сүйінші сұрайтындай  жаңалық естідік.

Үстіміздегі жылдың 2-қазанында  Астана қаласында  «ҚазМедиа» ғимаратында ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев Республиканың үздік педагогтарын  марапаттау рәсімін өткізді. Салтанатқа  Алматы облысының  Талдықорған қаласы атынан қатысқан  Айман Төлепбергенқызы   Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылдың «Үздік педагогы» атағының иегері атанып,  төсбелгімен марапатталды. Сондай-ақ, 2405000 теңгенің  сертификатын жеңіп алды.

Айман Қабдығалиева — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі. Педагогикалық шеберлік орталығынан ілгері (бірінші) деңгей бойынша сертификатталған. «Тәжірибедегі рефлексия» мектеп тренері курсын бітірген.  Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша білімін жетілдірген. №14 мектеп-гимназиясы «Сабақты зерттеу» әдістемесі бойынша тірек мектебі болып келсе, осы зерттеу топтарына басшылық етіп, облыс көлемінде іс-тәжірибе таратуға басшылық жасап келеді. Мектептің іс-тәжірибесін жинақтап, «Сабақты зерттеу арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбындағы әдістемелік құрал авторы.  Ұлағатты ұстаз  қалалық, облыстық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK