дереккөз

Мұғалімдер  күнінің  өзіндік маңызы зор. Биыл да мұғалімдер мерекесі облыс әкімінің  назарынан тыс қалмады. Облыс орталығындағы  І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында салтанатты шара өтіп, өңір басшысы Амандық Баталов ұстаздар қауымын кәсіби мерекеге орай құттықтады.

«Баршаңызды Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жыл сайын білім беру саласын дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Өткен жылдармен салыстырғанда  облысымызда білім сапасы 9 пайызға, ҰБТ орташа балы 8,1 пайызға артты. Мұғалім мәртебесін арттыру бағытында Елбасының алға қойған тапсырмалары бар. Облыста  білім беру саласында 35 мыңнан аса педагог жұмыс жасайды. Олар түрлі байқауларда бақ сынап, кәсіби шеберліктерін шыңдауда. «Үздік педагог-2018» республикалық  конкурсында топ жарған ұстаздарымыз бар. Олардың қатарында Жамбыл ауданынан Зарема Баймұратова,Талдықорған қаласындағы №14 орта мектептің мұғалімі Айман Қабдығалиева, Жаркент гуманитарлы-техникалық колледжінің оқытушысы Меруерт Теңізбаева және де басқаларын айтуға болады. Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сәттілік тілеймін»-деді.

Бір топ ұстаз «Ы.Алтынсарин», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және де облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттармен марапатталды.

Алматы облысында өткен педагогикалық байқаулардың жеңімпаздарына диплом мен сыйлық табыс етілді. «Жылдың үздік мұғалімі» байқауында 1-орын алған Жамбыл ауданы, Ә.Бейсеуов атындағы мектептің мұғалімі Алма  Маханова жеңіл автокөлік кілтін иеленді.

«Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» байқауының бірінші орын иегері Талдықорған политехникалық колледжі 300 мың теңгенің қаржылай сыйын алды.

Ал, « Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының грантын Талдықорған қаласындағы  М,Арын атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №24 «Экономика және бизнес» лицейі жеңіп алды. Лицей директоры Мариям Галиеваға 22 млн. 627 мың теңгелік сертификат табысталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK