Бүгін Талдықорған қаласындағы «Ерасыл» этно ауылында тұңғыш рет Алматы облысы бойынша  «Қошқар» чемпионаты өтті. Жүлде қорына 300 мың тігілген сайысқа 6 ауданнан 40-қа жуық қошқар қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Шараның негізгі мақсаты – мал шаруашылығын, соның ішінде қой шаруашылығын дәріптей отырып, «Қазына» агрохолдингінің 11 жыл ішінде атқарған жұмыс нәтижесін көрсету және қой етін әлем нарығына шығару жолдарын қарастыру.

Жарыс басталмас бұрын ұйымдастырушылар жұрт назарына қойды қозысынан бөлу үшін ойлап тапқан мобильді құрылғының жұмысымен таныстырды. «Қазына» агрохолдингінің басқарма төрағасы Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, қойды екіге бөлу үшін кем дегенде 15 адамның күші керек. Ал, мына құрылғының көмегімен үш-ақ адам бір отар қойды жарты сағаттың ішінде бөліп тастауына болады. Қойшылар үшін таптырмас бұл заттың шынында пайдасы көп. Уақыт үнемдеуге арналған мобиьді құрылғымен танысып болғаннан кейін жұрт тағатсыздана күткен қошқарлар бәсекесі басталды.

Айта кетейік, бастапқыда қошқарлар сайысы өтеді дегенді есіп, елең ете қалдық. Негізі, иттер мен әтештер төбелесін көз көрді. Басқаларды білмейміз, өзіміз қошқарлар сайысын тамашалаған емеспіз. Қызыққанымыз соншалық, жарыстың басталар күнін асыға күттік.

Алайда, барлығы біз ойлағандай болмай шықты. Сөйтсек, ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – жарыс барысында қошқарлардың салмағын, бойын және дене ұзындығын өлшеу арқылы асыл тұқымдыны анықтау екен. Десек те, бұл жарыс тартысты, әрі қызықты өрбіді.

Негізінен, «Қошқар» чемпионаты екі бағытта өтті. Яғни, шаруа қожалықтары биязы жүнді қазақы тұқым мен ағылшынның «гемпшир» және «суффольк» тұқымдарының ішінен мықтысын сараланды. Жарыс қорытындысы бойынша, етті бағытта бірінші орынды Ақсу ауданы Қызылағаш ауылынан келген Берікбол Базарбаевтың «Гемпшир» тұқымдас қошқары иеленді. Сондай-ақ, жүнді бағытта бақ сынаған «Бақыт — Қаратал» ЖШС-нен келген қазақтың биязы жүнді қошқары да бас жүлдені ұтып алды.

Одан бөлек, қошқарларды өлшеу кезінде оның көлеміне және түр сипатына қарап отырып-ақ, салмағын дәл тапқаны үшін «Көз мерген» номинациясы бойынша Мұрат Асылхан үздік деп танылды.

«Бақыт — Қаратал» ЖШС-ның басшысы Серікжан Бақытұлы: — Біз бұл жарысқа қазақтың биязы жүнді Қаратал типті қошқарын әкеліп, бас жүлдені ұтып алдық. Мұның жүні 64-65-ші сапаны көрсетті. Бұл дегеніңіз өте жақсы көрсеткіш. Осыны ескеріп, 1-ші орынды беріп отырған әділқазыларға көп рахмет. Қазақтың мал шаруашылығы дами берсін!

Серікжан Жексембиевтің айтуынша, қошқарының салмағы 102 келі тартқан. Бойының биіктігі 84 см болса, денесінің ұзындығы 99 см және кеуде өлшемі 124 см құраған.

Бірнеше жылдан бері ата кәсіппен айналысып келе жатқан Серікжанның бүгінде 7 мыңдай қойы бар. Биязы жүнді қошқарлары 12-14 келі аралығында жүн берсе, саулығынан 6 келіге дейін жүн алуға болады дейді. Қойларының жүні үнемі сұраныста екендігін тілге тиек еткен шаруа қожалығының басшысы, алдағы уақытта экспортқа шығу жағын да ойластырып жүргенін айтып қалды.

«Жылына 30 тонна жүн өткіземіз. Мемлекет тарапынан да субсидия бөлініп тұрады. Көп рахмет! Осының арқасында шаруашылығымыз өрге домалап келеді», — дейді Серікжан Бақытұлы.

«Қазына» агрохолдингінің басқарма төрағасы, ұйымдастырушы Алмасбек Садырбаев:

— Біздің қожалықта ең алғашында тексіз, тұқымсыз 93 бас болған, қазір екі мың жарым асыл тұқымды басқа жеткіздік. Оның ішіндегі 1900-і саулық болса, қалған 600 басы асыл тұқымды қошқарлар. Біздің негізгі тұқымымыз «Гемпшир» және «суффольк» деп аталын етті бағыттағы қойлар. Қазақ халқы мың жылдап қой баққан, бұдан бір жола теріс бұрылып кетуге болмайды. Ертеме, кешпе жер асты байлықтары бітіп қалса не істейміз? Сондықтан, бізге қазірден бастап мал шаруашылығына баса назар аудару керек.

Ұйымдастырушылар шараның өтуіне қолдау көрсеткен ҚР-ның ауыл шаруашылық министірлігіне және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына алғыстарын білдіреді. Аладғы уақытта аталмыш жарысты республика көлемінде өткізу жағы да жоспарда бар.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK