дереккөз

Дәстүр бойынша 1 қазан бүкіл әлемдік қауымдастық  шешімімен халық-аралық Қарттар күні деп аталады. Бұл мереке аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық көрсететін күн болып есептеледі.

Ал біз қарттарын ерекше құрметтеп, ардагерлерімізді ардақтаған елдің баласымыз. Талдықорған қаласының Өтенай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылында   жасы егде тартса да,  өнерлерін жас ұрпаққа арнап жүрген әжелер тобы  бар екендігін естіп  арнайы іздеп бардық.

— Ел іші – өнер кеніші» демекші, өнерпаз әжелер ауылымыздың сәні. Бұл кілең зейнеткер апалар мен атадан құралған   белсенді де өнерлі топ.  Салт-дәстүрлерімізді өнер тілінде жеткізіп, көпшіліктің құрметіне бөленіп жүр.   Алғаш 2009 жылдары  Нағима Сейітбаталова, Клара Масалимова, Күлшекер Жылкелдинова, Райся Жүнісова, Рахия Дүйсенбаева,   Бақтыбаевтар Эдуард пен  Сәбира , Күміс Баймұқаева, Дарияш Қонбай, Зейнеп Жалғасбаевадай апалар мен атамыз мерекеде,  түрлі шарааларда  тұрғындар алдында әнін айтып, би билеп жүрді.  Ал  2015 жылы  Еңбек ауылындағы мәдениет үйіне тұрақты  түрде  келетін болды. Қазақтың  халық әндері, Шәмшінің әндері, патриоттық әндер репертурынан орын алды. Қандай шаралардан болмасын әнші апалар өз өнерін жұртшылық алдында  паш етеді,- дейді Еңбек ауылындағы мәдениет үйінің әдіскері Гүлбақ Әлибекова.

Халқымыздың  салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен  жас ұрпақты таныстырып жүрген әжелердің мектепте қыздармен сырласу кешін өткізуі дәстүрге айналған. Қолөнерге  қызығушылық танытқан балаларға үйретуден жалықпайды.

«Шебер қолдар» үйірмесі мәдениет үйі ішінде ұйымдастырылған. Қалада өтіп жатқан мәдени шаралардан қариялар тыс қалмайды, үнемі атсалысады. Балабақша, мектептерге барып, оқушылармен жүздесіп, салт- дәстүріміз жайында айтып, соңында әсем әндерін әуелетеді.

Кезінде әр салада қызмет жасаған апалардың  қазіргі таңда немерелерін тәрбиелеп жүрген жайлары бар.  Қолдары қалт еткенде өзара бас қосып, мерекелік шарада айтатын әндеріне дайындалып, газет-журналдар оқиды.

 Өтенай ауылдық мәдениет үйінің директоры Бақытай Түстікбаев шараларға қатысып, белсенділік танытып жүрген аяулы ана мен атаның өнерін бағалап,  алғыс хаттар табыстауды да ұмытпайды.
Өз қолдарымен жасаған бұйымдарының жасалу тәсілдерін жас қыздарға үйретіп жүрген апалар бұл еңбектерін  тәрбиеге қосып жатқан үлесіміз деп біледі. Көпті көрген, өмірден түйгендері мол қариялар  қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, қол­өнерін,  тіпті ұлттық тамақ түрлерін дайындауға  дейін жастарымызға үйретіп, келешек ұрпақ алдындағы  ағалық міндетімізді атқарсақ деген мақсатты ұстанып келеді.
-Үйде  отырса ауырып қалатын апалар  өнер ордасына келген сәтте барлық аурудан да, басқа ойлардан арылып, жазылып кетеді. Бәрі де ұлтымыздың салт-дәстүрін насихаттауға дайын тұрады.  Бір-біріне  туғанындай бауыр басып кеткен. Тіпті, туған күн, басқа да қуаныштарды бірге өткізіп келеді, ауыз бірлікті, ұйымшыл,-дейді әдіскер.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» демей ме ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов.  Демек, болашақ жас ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, өнегелі, өнерлі етіп тәрбиелеу -үлкен міндет. Сонымен қатар  тәрбиенің негізі – ұлттық салт – дәстүрлер. Ал жас ұрпақтың тәрбиесіне өз өнерлері арқылы үлес қосып жүрген ауылдағы апалардың еңбегі  қалай  мақтасақ та ауыз толтырып айтарлықтай.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK