Ана тіліміз басты құндылығымыз

316
дереккөз

Тіл- мемлекеттің тірегі, халықтың рухани байлығы,өткені мен болашағының айқын көрінісі. Себебі, тіл-халықтың тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Өткен жылы  «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» Үкіметтің қаулысы шықты. Осы  құжатқа сәйкес, Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойлана бастады.

Ал бұған дейін  Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте тойланатын.  Мұның себебі, бұдан  29 жыл бұрын 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданған еді. Ол заңда сол кездегі Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілді. Ал 1998 жылдың  20 қаңтарында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен  22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланғандығы белгілі.

Ал  енді қысқаша  болса да, еліміздегі Тілдер мерекесінің датасы өзгеруінің де өзіндік себебіне тоқтала кеткен жөн болар.  Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.  Енді  барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тілдер мерекесін тойлайды.  Әрдайым, Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ тілі – басты құндылығымыз» деген  қастерлі сөз тіркестерімен қанаттанып келе жатқан жас буынымыз қазіргі таңда  тіл мәртебесін көтеруде қандай  істерге қатысып, қандай жетістіктерге қол жеткізгендіктеріне бір сәт назар салсақ.

Астананың 20 жылдығына орай Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында Астана, сонымен қатар,  аса көрнекті қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайыридың даңғылы пайда болды. Еңбек Ерлері Бәйкен Әшімов пен Зылиха Тамшыбаевның атына көшелер берілді.  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов : «Астананың  20 жылдық мерейтойына арналып  облыс аумағында көптеген іс-шаралар өткізілуде.  Елордамыз — Астананың 20 жылдығы қарсаңында «Астана» даңғылының салтанатты ашылуы болып отыр. Сонымен қатар, ұлы тұлғаларымыздың ұлағатты еңбегі мен ерлікке толы ерен істерін әспеттеу мақсатында, ғұлама тарихшы  Қадырғали Жалайыри даңғылы, Еңбек Ерлері Бәйкен Әшімов пен Зылиха Тамшыбаеваның құрметіне көше аттары берілді», — дей келе, есімі мен елге сіңірген қызметін есте сақтаудың жарқын үлгісі болатынын атап өтті.

-Мемлекеттік тіл саясатын  жүзеге асырудың негізгі жолдары –тілдік шаралар десек, онда қала бойынша өткізілген байқаулар мен іс-шаралардың мәні зор. Тіл мәртебесін арттыру мақсатында 8 байқау өткізіліп, оған мемлекеттік қызметкерлер, студенттер мен мектеп оқушылары, ұстаздар қатысты. Мәселен, үстіміздегі жылдың сәуірінде «Arman qala- Astana» деп аталатын латын қарпіне негізделген байқау эссе жазудан сынға түсті. Оған  22 үміткер қатысып, Светлана Исаева мен Айдана Сағынғанова жүлделі орындарды  иеленді. Ал қалалық онлайн байқауына да қатысушылар саны оннан асты. Назерке Сейсенбаева мен Ерсұлтан Мұратханұлы үздіктер қатарында болды,-дейді  Сандуғаш Арнайқызы.

Ал «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы» Алматы облысы әкімдігінің арнайы қаулысына сәйкес Талдықорған қаласында мемлекеттік тілді дамыту, қолдану аясын кеңейту, тілді насихаттауда көптеген жұмыстар қолға алынған. Соның бірқатарына тоқталған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Сандуғаш Арнайқызы Рысбаева атқарылған істерді саралап өтті.

Мемлекеттік тілді дамытуға, ұлттық тәрбиенің өзегі, бабаларымыздың бойына жинақтаған даналығының інжу-маржаны, сөз мәйегі болып табылатын мақал-мәтелдер арқылы жастардың ой-пікір, мінез-құлығын қалыптастыруға, ұлтжандылық пен отансүйгіштік, бауырмалдық, мейірімділік қасиеттерді бойларына сіңіру мақсатында «Мақал-сөз мәйегі» атты қалалық байқау ұйымдастырылып, өз дәрежесінде өтті. Жүлдегер атанған Е. Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектептің оқушысы Балжан Қадыржанова облыстық байқауға жолдама алған еді. Ол өз тапқырлығы мен ойлылығын байқатып,  жүлделі  үшінші орыннан көрінді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа  бағдар-Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жылдық мерейтойына орай «Мағжан оқулары» өтті. Жастарды көркем әдебиет оқуға, тіл мәдениетін көтеруге, әдеби ортаға тарту мақсатында ұйымдастырылған шарада бақ сынаған Әділет Серіков  жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Талантты жастардың басын біріктірген Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауына қатысушылар қарасы көп болды, Бұл деген байқаудың маңызының зор  екендігін білдіреді. «Мекетепке дейінгі шағын орталығы бар №9 орта мектеп» КММ педагог-психологы Айдана Тынысбаева қатарынан оқ бойы озып шықты.

16 мен 35 жас аралығындағы талапты жастардың басын біріктірген «Текті сөздің төресі -терме» қалалық жыршы-термешілер байқауында қатысушылардың шығарманы орындау шеберлігіне, тіл нормасының сақталуына, сахна мәдениетіне баса назар аударылды. Байқау қорытындысында Талдықорған саз колледжінің студенті Дархан Серікұлы жүлдегер атанды.  «Тіл -парасат» этнос жастары арасындағы қазақ тілінің білгерлерінің қалалық байқауында Дмитрий Мурашкин  бірінші орынға қол жеткізді.

«Тілдарын» қалалық олимпиадасы үштілділікті енгізуге бағытталған.  Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген  Дарын Дюскелдинов бірінші орынды иеленді.  Талдықорған қаласының ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Данияр Сағымбеков пен Алматы сотының маманы Самат Авганов «Тіл шебері-2018» жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы қалалық конкурста жеңімпаз атанды.  Ана тіліміздің мәртебесін арттыру мақсатында жұмыстар өз жалғасын  табуда.

Білім жүйесі – ана тілін жетілдіру ұясы

Ана тілін толықтыра, жетілдіре түсудің бірден-бір  ұясы – білім беру жүйесі. Талдықорған қаласының  білім беру мекемелерінде  тіл мерекесі аясында «Тіл – бар білімнің кілті» атты айлық басталды. Айлық аясында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында танымдық іс-шаралар, сонымен қатар,  латын әліпбиіне, үштілде білім беруге  көшіруге дайындық жұмыстарына сәйкес  іс-шаралар жүргізілуде.

 Мәселен, М.Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейінде «Тіл- рухани қазына бастауы» деп аталатын шарада мектеп оқушылары көркемсөз оқып, әсем әндерін орындап, ұлттық би биледі. Ұлыс өкілдері арасындағы ірлік, достық, ынтымақтастық, тілге деген құрмет көрсетілді.

Шоқан Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп –гимназиясында  тіл айлығының құрметіне оқушылар үш тілде  өз өнерлерін ортаға салды. Апталықтың мақсаты- қазіргі уақытта үш тілділіктің маңызы мен қоғамдағы орнын, жас ұрпақтың ана тілінің қадір-қасиетін түсіне білуін, оқушылардың туған тілін сүюге, оны қорғауға және қамқорлық жасауға тәрбиелеу. Басқа ұлт өкілдерімен сыйластық  қарым -қатынасты нығайту. Бұл мектепте бүгінгі күнде 13-тен  астам ұлт өкілдері білім алуда. «Халықтың қуаты бірлікте»-демекші мектептегі  әр ұлт өкілдері отбасы мүшесіндей болып кетті.

 Жаңадан ашылған №28 ІТ мектеп – лицейде  Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылған  Тіл мерекесі  аталынып өтіп жатыр. Салтанатты мерекеде ғалымның өмірбаяны мен еңбектері туралы айтылды. Оқушылар ақындардың  тіл тақырыбына байланысты шығарылған өлеңдерін оқыды, көрме  ұйымдастырылды.

«Көркем ой, көркем сөз, көркем тіл»  атты әр этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тілде облыстық байқауды Алматы облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Достық үйі- қоғамдық келісім орталығы» КММ бірлесіп өткізді.  Онда бас қала Астананың 20 жылдығына арнап қатысушылар  қазақ тілінде ой  толғады. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, өзге ұлт өкілдерінің тілге деген құрметін ынталандыру қолдау мақсатын көздеді.

Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ жазуын латын графикасына көшіру тақырыбын нақтылай келе,   2017 жылдың соңына дейін жаңа графикадағы қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау, сондай-ақ, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді оқытатын кадрлар даярлау мен орта мектептерге арналған оқулықтар даярлауды бастап қолға алуды,   қазақ тілін латын қарпіне көшірудің нақты кестесін әзірлеу, 2025 жылдан бастап ісқағаздарын латын қарпінде жүргізу, мерзімді баспасөзді, оқулықтар мен басқа басылымдардың барлығын латын қарпінде жариялау туралы тапсырған еді.

Мектептерде өтіп жатқан шаралар қазіргі латын  қарпіне көшу мәселесінде кездесіп отырған сауалдарға жауап іздеді. Сондықтан мемлекеттік тілге деген құрметті жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатындаға жұмыстардың бір парасы ғана. Ал латын графикасына  көшу-бұл біздің әлемдік өркениетпен ықпалдасуымызға, ағылшын тілін және интернет тілін үйренуімізге жағдай жасайды.

 «Не үшін кирилл қарпінен бас тартуымыз керек және не үшін қазақтар  арабтың өрме жазуын емес, латын қарпі таңдаймыз?»-деген сауал жиі  қойылады.

Мәселенің басты себебі – әлемнің жаһандану процесіне ұмтылуында. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, латын қарпі қазіргі кезде жаһанданудың графикасына айналды. Латын қарпі жаңа технологиямен, компьютермен, сапалық жетістіктермен байланыстырылады. Тіпті жапон тілінде аталатын жапон фирмаларының өздері атауларын латын қарпімен жазғанды дұрыс санайды. Тіпті, Қытайда экономиканың бірнеше секторларында әлемдік нарыққа шығу үшін, әлемдік деңгейдегі тұтынушыға түсінікті болу үшін латын қарпі қолданылатындығы белгілі. Латын қарпіне көшу уақыт талабы.

                                                           

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK