Талдықорған қаласындағы саяжайлардағы жағдайды тұрақтандыру мен халықтың әлеуметтік мәселелерін тыңдау мақсатында Талдықорған қаласының әкімі Д.Шалтабаев 2018 жылғы 1 қыркүйекте «Мерекелік» саяжайының тұрғындарымен кездесу өткізген болатын. Кездесу барысында тұрғындар саяжай төрайымының зейнетке шығуына орай жаңа төрағаны сайлау бойынша жалпы жиналыс өткізуге көмек сұраған болатын.

Осы орайда, «Мерекелік» саяжайдағы жағдайды тұрақтандыру және әлеуметтік шиеленіс ошағының алдын алу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыс істеуде. Жұмыс тобының құрамына қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Арзанбе-кова, қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Н.Қыстаубаев, Талдықорған қаласының жергілікті полиция қызметінің басшысы Т.Базиев енгізілді. 8 қыркүйек күні «Мерекелік» саяжайына қатысты Талдықорған қаласындағы ТҮКШ ғимаратында көпшілік күткен жиын болды. Бұл жиынға Талдықорған қаласының қоғамдық кеңесі де ат салысқан болатын. Саяжай қауымдастығының жалпы жиналысына қалалық мемлекеттік мекеме басшылары мен арнайы қызметтің өкілдері де шақырылды.
Жиналыс барысында қала әкімінің орынбасары М.Көлбаев сөз алып, Талдықорған қаласы әкімдігінің тарапынан саяжайлардағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен өзекті мәселелерін шешу барысындағы атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар «Мерекелік» саяжайындағы бүгінгі жағдайға кеңінен тоқталды. Бүгінде аталмыш саяжайдың электр жабдықтарының жүйелері толығымен Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансына өткізілген. Нәтижесінде саяжай тұрғындарының электр энергиясының тарифі қала тұрғындарының тарифімен теңестірілді. Қазіргі уақытта саяжайға ауыз су жүйелерін тарту бойынша, жобалық жұмыстар жүргізілетін болады. Жиналысқа ауыз су жүйелерінің жобасын дайындайтын мердігер компанияның маманы қатысып, тұрғындармен таныстырылды.

Д.Бижанқызы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK