Алматы облысының Статистика департаментінде 2019 жылдың қараша айында болатын халық санағына байланысты арнайы жиын өтті. Аталмыш басқосуға жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен сала мамандары қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жалпы, жиын барысында халық санағы кезінде атқарылатын жұмыстар жайы пысықталды. Облыстық Статистика департаменті басшысының орынбасары Динара Моладағұлованың айтуынша, халықаралық ұсынымдарды есепке ала отырып, Қазақстан Республикасында ұлттық халық санағы он жылда кемінде бір рет жүргізіледі. Осыған байланысты елімізде кезекті халық санағын жүргізу 2018 жылғы сәуірдегі пилоттық санақ нәтижелері бойынша, 2019 жылға жоспарланған.

Айта кетейік, соңғы онжылдықта халық санағы интернет желісі арқылы және портативті-есептеуіш құрылғыларды (планшетті компьютер) пайдалана отырып, дәстүрлі әдіспен өткізіліп келеді. Сондай-ақ, ақпараттың қайталануын болдырмау үшін және ақпараттық деректер базасын өзектілендіру мақсатында санақ парағына тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) қосылған.

Басқосу барысында басқарма басшылығы қалалар мен өңірлерде және ауылдық елді мекендердегі мекенжайлардың жағдайы мәз емес екендігін тілге тиек етіп, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне бірнеше тапсырма жүктеді. Бүгінде көптеген көше атаулары қайталанып жатса, кейбірінде тіпті көше атауы атымен жоқ. Динара Моладағұлованың сөзінше, мұның барлығы санақ жұмысына өз кедергісін келтіреді. Жиында осы мәселелер талқыланып, оның шешілу жолдары қарастырылды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Еркін және Өтенай ауылдық окруктерін қосқанда Талдықорған қаласы халқының жалпы саны 171 726 адамды құрайды. Ал, республика бойынша бұл көрсеткіш ағымдағы сәтте 18 328 982-ні айғақтап тұр.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK