Рухани жаңғыру – жастардың жарқын жолы

298
Дереккөз

Агротехникалық колледжде қалалық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен “Рухани жаңғыру – жастардың жарқын жолы” атты білімгерлермен  конференция өтті.

Мұндағы мақсат – Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын кеңінен насихаттау, жастарды елжандылыққа баулу. Айта кетейік, қазіргі таңда Талдықорған қаласының статистика департаментінің мәліметінше  14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны – 41 734. Қалалық жастар орталығының бас маманы Ілияс Даутов “Рухани жаңғыру  — бұл адам сана сезімінің, сенімі мен сапасының, білімі мен өмір сүру тәсілінің көрсеткіші. Ал, жастардың рухани байлығы дегенде бірінші кезекте, олардың білімділігі, ана тілін білуі мен мәдени деңгейі, дүниетанымдық ой-өрісі тұрады. Сондықтан да, Елбасының бағдарламалық мақаласы жастарға арналған деп ойлаймыз. Өйткені, болашақ – жастардың қолында. Жастар еліміздің болашағы десек, еліміздің ертеңгі тағдыры сол жастардың қолында. Еліміз болашақта қандай болады? Ол ел тізгінін ұстар жастарға байланысты болмақ. Өз басым үш тұғырлы тіл саясатын толық қолдаймын. Өйткені, қазіргі жастар үшін компьютер, интернет тілі саналатын ағылшын тілін меңгерудің маңызы зор. Осыған орай, жастарға заман талабына сай білім беруге жете көңіл бөлінуі тиіс деп ойлаймын. Тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру жастардың қолында. Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беруі керек. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана сындарлы сынақтардан сүрінбей өтеді. Бүгінгі күн жаhандану заманында жаңалыққа бейімделе алатын, өзіндік идеясы мен бойында жалыны, айтар ойы мен елге қосар үлесі бар жастардың басын қосып отыр”-деп алға қойған межеге жету үшін жұдырықтай жұмылып, аянбай еңбек ету керектігін баса айтты. Шара барысында философия пәнінің оқытушысы Серік Оспанов, білім беру ісінің үздігі Нұртай Қыдырәлі, колледждегі жастар ұйымының жетекшісі Жалғасбек Ибраимов, колледж президенті Думан Әбілбеков ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. “Қалалық ардагерлер кеңесінің осындай тамаша дәстүрді қолға алып, ұйытқысы болып жүргеніне он жылдан астам уақыт болыпты. Осы уақыттың ішінде ұлттық тәрбие, ұлттық танымдық құндылықтар білім ошақтарында  қайта түледі. Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз көмескіленіп бара жатқан тұста оны қайта жаңғырту ісі қолға алынды”-деді ардагерлер ұйымының әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Зәуре Жақатаева.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK