Қала күні аясында атқарылып жатқан іс-шаралар жалғасын табуда. Талдықорған қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен Қаратал өзенінің жағалауында «Көшбасшы-2018» жастар фестивалі өтті. Кеш барысында байқау қорытындысы жарияланып, осы бағытта белсенді жұмыс жасаған жас мамандар қала әкімінің жүлдесімен марапатталды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Талдықорған қаласының бүгінгі тыныс-тіршілігін қамти отырып, оның кемелді келешегін жас буындарға насихаттау және жастар саясаты бойынша жүзеге асырылған жұмыстарды қорытындылап, оларға баға беру – айтулы шараның басты мақсаты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Көшбасшы» фестивалі осымен бесінші рет өтіп отыр. Биылғы байқауда қатысушылар «Жас әлеуметтік қызметкер», «Жас ұстаз», «Жас спортшы», «Жас журналист», «Жас балабақша тәрбиешісі», «Жас өнерпаз», «Жасыл ел» жасағының үздік сарбазы, «Үздік студент», «Үздік ерікті» және «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үздік көшбасшысы номинациялары бойынша қала әкімінің алғыс хаты мен 50 мың теңгенің сертификатын алды.

Мерекелік шарада шаһар басшысы Дастан Шалтабаев сөз алып, жастар сыйлығына ие болғандарды құттықтады. Алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, өзінің жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ, концерт барысында Серік Ибрагимов, Мақсат Базарбаев сынды қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары мен Жетісудың жез таңдай әншілері жырдан шашу шашып, кеш көркін қыздыра түсті.

Айта кетейік, «Талдықорған» газетінің тілшісі Назерке Әділбекова қала әкімінің «Жас журналист» номинациясы бойынша марапатталды. Әріптесімізді айтулы жүлдесімен құттықтаймыз. Мақсаттарын бағындырып, биік шыңдардан көріне беруіне тілектеспіз.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK