Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Лас-Вегастағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде мексикалық Сауль «Канело» Альвареске ұпай айырмасымен есе жіберіп, чемпиондық атақтарын қорғап қала алмады. Енді орта салмақтағы (72,6 кг) WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы деген дардай атақ Альвареске тиесілі, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Қос боксшы арасындағы жекпе-жек Лас-Вегастағы T-Mobile спорт кешенінде өтті. Былтырғы бірінші кездесу де дәл осы шаршы алаңда өткен болатын. Ол кезде екі боксшы тең түскен еді.

Бұл жолы да боксшылар арасындағы кездесу (12 раунд) соңына дейін жалғасты. Жеңімпаз төрешілер шешімі бойынша анықталды. Бір төреші тең нәтиже тіркеп, екі төреші мексикалықты жеңіске жетті деп таныды. Есеп: 115-113, 115-113 және 114-114.

Айта кетейік, Геннадий Головкин спорттағы мансабында алғаш рет жеңілді. 36 жастағы отандасымыздың бұл 40-шы жекпе-жегі. Ол бұған дейін 38-мәрте жеңіске жетіп (34 кездесуде нокаутпен жеңген), бір рет тең түскен.

Ал, 28 жастағы Сауль Альварес 53-кездесуін өткізіп, елуінші рет жеңіске жетіп отыр. Ол бұған дейін екі рет тең түсіп, бір рет жеңілген. Мексика боксшысы — енді орта салмақта әлемнің жаңа чемпионы.

Кездесуден кейін Альварес: «Мен ұлы боксшымын және оны бүгінгі кеште дәлелдедім. Көпшілікке нокаутпен жеңіске жетемін деп уәде беріп едім. Ол [Головкин] өте мықты боксшы. Бірақ бұл таза жеңіс болды. Егер көпшілік Головкинмен тағы бір кездесуді қаласа мен дайынмын»,- деді.

Геннадий Головкин жекпе-жектен кейін шаршы алаңда сұхбат беруге қатысқан жоқ. Баспасөз мәслихатына бір-ақ келіп, тілшілер сұрақтарына жауап берді. Ал үшінші жекпе-жек жайлы: «Мен кім жеңгені туралы айтқым келіп тұрған жоқ. Төрешілер шешімі бойынша «Канело» жеңіске жетті. Жанкүйерлер үшін жақсы жекпе-жек болды. Үшінші жекпе-жек келісімі ойдағыдай болып, талаптар көңілден шыққанда ғана жұдырықтасамын», — деді Головкин.

Кездесу статистикасы бойынша, Головкин 234, Альварес 202 соққы жасаған. Головкин соққыларының 26,2 пайызы, ал Альварес соққыларының 32,5 пайызы дәл тиген.

Головкин мен Альварес қанша пайда тапты?

Екі боксшы бұл жекпе-жек үшін бес миллион доллардан пайда көрді. Бұдан бөлек телетрансляциядан түскен қаржыдан да алады. Бұл қаржының 55 пайызын Альварес, 45 пайызын Головкин иеленеді. WBC есебі бойынша, телетрансляциядан Головкин шамамен 20 миллион, Альварес 30 миллион доллар пайда табуы тиіс.

Еске сала кетейік, қазақстандық боксшы IBF (Халықаралық бокс федерациясы) тұжырымы бойынша да әлем чемпионы болған. Бірақ федерация маусымда Головкинді IBF тұжырымы әлем чемпионы атағынан айырған. Ұйым Головкин IBF белбеуін қорғау үшін украиналық Сергей Деревянченкомен кездесуі тиіс деп санайды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK