Ұлттық музейге сый

176

Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен «Ұлттық музейге сый тарту» атты республикалық акция өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияың мақсаты —  тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аударту. Ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы бар құнды заттарды, ұлтымыздың ірі тұлғаларының жәдігерлерін сақтап, бір орталыққа шоғырландырып, көпшілік назарына ұсынуда  бұл шараның  алар орны ерекше.

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы 2015 жылдың  наурыз айында  Астанада, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде салтанатты түрде бастау алған болатын. Осыған дейін Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент, Қостанай, Орал, Петропавл, Тараз қалаларында ұйымдастырылды.

Осы уақыт ішінде музей қорына еліміздің барлық аймақтарынан 3 мыңға тарта жәдігер қабылданған. Ал біздің щежірелі Жетісу өлкесінен 200-ден астам құнды дүниелер табысталды. Олардың қатарында есімдері елге танымал, ұлы тұлғалардың қолтаңбаы, тұтынған дүниелері бар.

  Аталмыш акцияға мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев, Мұхаметжан Тынышбаев, ақын атамыз Жамбыл Жабаев, айтыскер ақын Үмбетәлі Кәрібаев,  композитор Мұқан Төлебаев, суретші Әбілхан Қастеев,  жазушы Әнуар Әлімжанов, қазақтың бірегей ақындары Тұман Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, дәулескер күйші-композитор Нұрғиса Тілендиев, әнші- композитор Дәнеш Рақышев,  генерал-майор Әбдіқадыр Болсамбеков,  айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбеков сынды ұлтымыздың біртуар перзенттерінің ұрпақтары мен туған- туыстары қатысып, отбасылық мұрағатты сақталған жәдігерлерді музейге сыйға тартты. Сондай-ақ, Ұлттық музейдің қорына Надежда Лушникова, әнші Нұрғали Нүсіпжанов, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Аманжол Бұғыбаев, Нұрбақыт  Теңізбаев, ғарышкерлер Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов, театр және кино актері Алмахан Кенжебекова мен Кендебай Темірбайұлы, суретшілер Хамза Қиқымов, Бақыт Ахметов, Қарлығаш Шалабаеваның құнды заттары қабылданды.

 Ұлттық музейдің ақпараттық және имидждік жұмыс  қызметінің  жетекшісі Дәулеткерей Құсайынов: «Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық музейі кезекті рет «Ұлттық музейге сый тарту» акциясын ары қарай жалғап, бұл жолы ұлтымыздың ұйытқысына айналған  киелі Жетісу өңіріне келді. Киелі дейтінім, Алаштың айбынды ерлері шыққан өлке. Еліміздің өркендеуіне өлшеусіз  үлес қосқан Дінмұхамед Қонаев, тұңғыш  Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев, ақын-жазушы, жыраулардың құт мекені. Осы акция барысында Жетісу  тұрғындарының жүрегі жомарт, пейілі кең екендігіне  көз жеткіздік. Ал музей – кешегі тарих, бүгінгі ғылыми-зерттеу орталығы, ертеңгі – болашақ. Қазақстанда музейлердің дамуына қандай көңіл бөлініп жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер.  Сарыарқаның төсінен ашылған  Ұлттық музей қазіргі таңда Орталық Азиядағы ең үлкен музейлердің бірі болып есептеледі. Музейдің қорын толықтыру арқылы тарихымызды түгендеуде  нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек.  Акция осы мақсатта ұйымдастырылып отыр. Жұрттың сандығы мен шкафында, шатыры мен жертөлесінде әлі ашылмаған, ғылыми айналымға түспеген небір құнды жәдігерлер тұр. Оны «бабамның бабасының көзі» деп, ешкімге айтпай, көрсетпей ұстау арқылы сақтаймыз деп ойлайды. Кез-келген зат биологиялық өзгерістердің салдарынан жылдан-жылға жойыла береді. Жәдігердің бүтін қалпын тек бірнеше ұрпағы ғана көруі мүмкін. Әркім өз отбасындағы қадірлі бұйым туралы ойланып көрсінші, соның көбі жоғалған, жойылған немесе қолды болған. Сондықтан кез-келген мұра музейде  сақталуы  керек»-деді.
Дияр Асқарұлы Қонаев  : «Халқымыздың біртуар  перзенті Дінмұхамед Қонаевтың    қолданған  құнды дүниелері мен естелік бұйымдарын  акция кезінде әкеліп тарту еттік. Ғанибетті ғұмырын халқына қалтқысыз қызмет қылуға арнаған атамыздың  еңбектері тарихи жәдігер ретінде ұлтымыздың баға жетпес құндылығына айналатынына қуаныштымыз»- дейді өз сөзінде.

«Ардақ тұтқан асылдарымыздың көзі тірісінде қолданған заттары мұражайда сақталатыны – отбасымыз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Әр жәдігер – біз үшін қымбат, біз үшін қадірлі  дүние, асылдарымыздың көзі. Бірақ  келер ұрпақ осы жәдігерлерді көріп-білсе, өз ұлтының өткенін терең ұғынса екен дейміз»,-деген  Мұқан станТөлебаевтың,  Әбдіқадыр Болсамбековтың ұрпағы мен Есенқұл  ақынның зайыбы жүрекжарды тілектерін айтты.
Алматы облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы атынан  Г. Қалқабаева қазақ тарихын жас ұрпаққа таныту мәселесі туралы айта келе, бұл бағытта жұмыс жүргізіп отырған Ұлттық музейге алғыс білдірді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK