Жуырда Талдықорған қаласында тұңғыш рет «ORBULAK RACE — 375» триатлон жарысы өтеді. Қала күні аясында ұйымдастырылып отырған шара Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Шараның негізгі мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыра отырып, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік қызметкерлер арасында достық қарым қатынасты нығайту және жастарды спортқа баулу.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-мәслихатында ұйымдастырушылар жарыс бағдарламасымен таныстырып өтті. Бағдат Наукановтың сөзіне сүйенсек, айтулы сайыс үш кезеңнен тұрады. Яғни, қатысушылар алғашында 3 шақырым қашықтықта суда жүзіп жарысса, екінші кезеңде велосипедпен 7 шақырым жол жүреді. Одан бөлек, соңғы бәсекеде олар 5 шақырым жаяу жүгіріп, өзара үздіктерін анықтайтын болады.

Сондай-ақ, жарыста облыс бойынша 4 үздік команда әр түрлі бағытта мықтыларын анықтамақ.

Өз кезегінде сөз алған Алматы облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқарамасының бас маманы Сәкен Түкібаев пен облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Асыл Сұлтанғазы жарысқа қатысуға ниет білдіріп отырғандықтарын айтып, шараның өтуіне ұйытқы болған облыстық ішкі саясат басқарамасына ризашылықтарын білдірді.

Жарыстың нақты өтетін күні ауа райына байланысты алдағы уақытта белгілі болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK