Қала күні аясындағы мерекелік шаралар жалғасуда. Олимпиада, Әлем Чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және Талдықорған қалалық әкімдігі командалары арасында шағын-футболдан жолдастық кездесу өтті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Шараның ашылу салтанатында Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев алғаш сөз алып, барша қатысушыларды қала күні мерекесімен құттықтады.

Сондай-ақ, грек-рим күресінен Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев та өзінің жылы лебізін білдіріп, командаларға сәттілік тіледі.

Жалпы, әуесқой футболшыларға спорттың бұл түрі таңсық емес. Олар бос уақыттарында футбол ойнауды әдетке айналдырған. Бізді қала әкімдігі қызметкерлерінің бір сәтке кастюмдерін шешіп, жасыл алаңға шыққаны қызықтырды. Шаһар басшысы Дастан Шалтабаев бастаған команда жарыс алаңында доп теуіп, спортшыларға лайықты қарсылас бола білді.

Кездесудің алғашқы таймында қос команда тамаша ойын өрнегін ұсынды. Қарымта шабуылдардың нәтижесінде екі қақпаға да гол кіріп үлгерді. Есеп 1:1. Ойыншылар матчтың екінші кезеңінде де жақсы өнер көрсетіп, ұпай жағынан тең түсті. Қортынды есеп 2:2 болғандықтан төреші жеңімпаз команданы пенальти арқылы анықтағанды жөн көрді.

Бұл кезеңде 3:2 есебімен жеңіс спортшылардың пайдасына шешілді. Ойын соңында қатысушылар арнайы кубоктарға ие болып, барлығы естелікке сүретке түсіп тарқасты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK