«Рухани керуен» жобасы биыл да өтеді. Талдықорған қаласында жобаның ашылуына арналған жиын өтті  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл шара өңірде 2017 жылы басталған болатын. Бастаманың басты мақсаты –  жастардың дәстүрлі дінге деген көзғарасын айқындап, қазақтың төл мәдениеті мен тілін, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпын насихаттау.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиевтің қатысуымен өткен басқосуға аймақтағы әр саланың  жетекші-мамандары шақырылған. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдаулетовтың айтуынша, бүгінде «Рухани керуен» жобасы республикалық жобалар қатарына енген. Бұл бағытта өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен дін саласының мамандарынан жасақталған арнайы жұмыс тобы бар. Олар  Жетісу жеріндегі әрбір аудан, қала орталықтары мен елді мекендерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, аталған жұмыс тобы өткен жылы үш ай бойы 12 бағыт бойынша жұмыс жасап, түрлі кездесулер ұйымдастырған. Соның нәтижесінде жалпы  246 іс-шара өткізіліп, онда  27 мыңнан астам адам қамтылған.

Өз кезегінде ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Нүсіпханұлы шараға мешіт имамдарының да қосып отырған үлесі зор екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол діни басқарма жариялаған «Ислам және отбасы» жылы аясында көпшілікке діни құндылықтарды дәріптеп, жастардың отбасына, Отанға, елге, жерге деген патриоттық сезімін оятатын «Рухани керуен» жобасының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Шара барысында Алматы облысының Құрметті азаматы, әйгілі кино актері Әлімғазы Райымбеков «Рухани керуен» тобының мүшелеріне ақ жол тілеп,  ақ батасын берді. Қорытып айтсақ, 50 адамнан құралған топ мүшелерінің жұмысы тағы 3 айға созылмақ. Олар қыркүйек айында Панфилов, Ұйғыр, Кеген, Райымбек, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын; қазан айында Жамбыл, Қарасай, Талғар, Енбекшіқазақ, Кербұлақ, Балқаш, Ілеаудандары мен Қапшағай қаласын; қараша айында Көксу, Ескелді, Қаратал аудандары мен Текелі, Талдықорған қаласына атбасын тірейді деп күтілуде.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK