Шеберліктерін шыңдады

391
Дереккөз

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында 2018 жылғы  7 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,  режиссер, драматург Болат Ұзақов Алматы облысындағы Халық театрларының қатысуымен шеберлік класын өткізді.

Нақтылай айтқанда бұл шара  Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп, оған Үшарал Халықтық театрының (Алакөл  ауданы), Ақсу Халықтық театрының (Ақсу ауданы),«Сарытауқұм» Халық театрының (Іле ауданы), Д.Рақышев атындағы Халық театрының (Панфилов ауданы), Райымбек Халық театрының (Райымбек ауданы), Мұқыры ауылдық мәдениет үйі театрының (Көксу ауданы)  ұжымдары жұмыла қатысты. «Ел іші өнер кеніші» дегендей аймақ өнерпаздары дарынды актер, талантты режиссер, сахна шебері Болат Қасымжанұлының шеберлік сағатында Мұрат Қолғанаттың «Орбұлақ» тарихи драмасының сахналау процесімен танысып, өзіндік ой түйді десек болады. Сондай-ақ, драматургия, актерлік және режиссерлік шеберлік тұрғысынан  бағыт-бағдар алды. Вокал, ән, би жанрлары  жөнінде де терең мағлұматтарға ие болды. Өз кезегінде  театр өнерін дамыту және ынталандыру, театрлардың шығармашылық бастамаларын заманауи үдеріске жетелеуді алдына мақсат етіп қойған Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының әкімшілігі де игілікті жұмысқа сәттілік тіледі. Театрдың директоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ғалия Әмірқамзақызы Темербаева мен режиссер Болат  Ұзақов ат басын бұра келген Халық театрларына арнайы сертификат тапсырды.

Дереккөз

Үсен Өмірзақов,  театрдың  әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK