Жақсы кітап – жан азығы. Жетісулық оқырман қауымының рухани қажетін қанағаттандыру мақсатында Талдықорғандағы «VIP ZHETYSU» және Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасына түрлі жанрда жазылған 100-ден астам  автордың 1600 дана жаңа кітабы сыйға тартылды. Жалпы құны 1 миллион 200 мың теңгені құрайтын бұл кітаптар «Арыс» баспасында жарық көрген.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған игі бастамаға әйгілі филолог-педагог, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Арынның ұлы ғалым-хирург Нұрлан Арын, экономист, қоғам қайраткері Ерлан Арын және «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес мырзалар жан-жақты қолдау көрсеткен. Шараны Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған.

Аймақтағы өңірлік коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары Рүстем Қанапиянов: «Бұл бастама – Жетісу жұрты үшін бағалы қазына. Ал, осы кітаптарды туған халқына арнайы сыйға тартып отырғандардың бірі – белгілі ғалым-хирург Нұрлан Арын. Ол кісінің 220-дан астам ғылыми еңбегі бар. Соның ішінде 6 монографиясы, 11 әдістемелік ұсынысы және Қазақстан Республикасы мен КСРО-ның 35 авторлық өнертабыс куәлігін еншілеген. Бір өзінің басшылығында медицина ғылымының өзекті мәселелері тақырыбында 3 ғылыми жұмыс жинағы жарық көрген. Балалар хирургиясы саласының 1 докторын, 8 кандидатын даярлаған. Сондай-ақ, жыл сайын туған жері Сарқан ауданына келіп, жерлестеріне тегін медициналық қызмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Осының барлығы ғалымның туған аймағына жасап жатқан қайырымды істері» – деді.

Осыдан соң сөз алған Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи  мұраны қорғау бөлімінің басшысы Гүлмира Мәлікқызы  бүгінгі күні облысымыздағы кітапханалар қоры тағы да көптеген құнды қазыналармен толыққандығын жеткізді. Оның айтуынша, қазір өңірде 268 кітапхана бар. Бұл кітаптар бұдан әрі сол кітапханалардың бәріне үлестірілетін болады. «Жалпы 2006 жылдан бері  мәдени мұра бағдарламасы бойынша облыс әкімдігінің қолдауымен мәдениет саласына көп көңіл бөлініп келеді. Онда  жыл сайын Жетісу ақын-жазушыларының кітаптарын шығару, оларды насихаттау жүйелі түрде жолға қойылған. Мәселен, осы уақыт ішінде өңірдегі 370 қаламгердің 307 мыңнан аса кітабы басылып кітапханаларға бөлінді. Бұл бастама әрі қарай жалғасын табуда. Енді міне сол қор тағы толықты. Сондықтан  аймақтағы оқырмандарға осындай аса бағалы сыйлық жасап отырған азматтарға айтар алғысымыз шексіз» – дейді ол.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK