Жөндеуден өтіп, жаңарды мектеп!

578
дереккөз

Оқушылардың сапалы білім алып, әлемдік білім кеңістігіне емін-еркін енуі – түптеп келгенде ұстаздар біліктілігіне, заманауи талаптарға сай мектептің материалдық-техникалық базасына байланысты.  Осы орайда, 2018-2019 оқу жылында Талдықорған қаласындағы  М.Ломоносов атындағы №5  орта мектеп-лицейі мен №13 орта мектеп  (арнаулы сыныптармен)  күрделі жөндеуден өтті.

 Күні кеше жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы да соғылды. Жаз бойына демалған балалар  алтын ұяларына оралды. Сабақтарына кіріскен №13 орта мектептің оқушылары қайта жаңарған  ғимаратты көріп шаттанды. Мұнда  барлық  есік-  терезелер, жарық   жүйесі  ауыстырылған. Дәретхана тек бірінші қабатта болса, енді, ер балалар мен қыздарға екі бөлек етіп жасалыпты. Ғимараттың шатыры, акт залы, кітапхана, асхана, кабинеттері, түгелдей  күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ жылу желілері мен кәріз құбырлары толықтай жаңарды.

Гүлнара Омарова, №13 орта мектептің  (арнаулы сыныптарымен) директоры:- -Биылғы жаңа оқу жылын мектептің 431 оқушысы мен 84 мұғалімі  қарсы алды. Мектебімізге күрделі жөндеу жұмысы басталады дегеннен қуанышымызда шек болмады. Негізгі мектеп ғимараты 1979 жылы салынғаннан бері күрделі жөндеу жасалмаған еді. Мектебіміздің бұрынғы күйі мен қазіргі жағдайын салыстырып айтсақ, айырмашылығы жер мен көктей. Ғимарат  адам  танымастай қалыпқа енді. Осы нәтиже үшін еңбектенген азаматтардың барлығына алғысымыз шексіз.Бұл біздің оқушыларымыз бен ата-аналар, ұстаздарымыз үшін көптен күткен қуаныш.  Осындай барлық мүмкіндікті қарастырып, қара шаңырағымыздың еңсесін көтеріп берген облыс пен қала басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қазір балалар үшін жағдайдың барлығы жасалып отыр. Ыстық және суық су бар, асхана, кітапхана, әр қабатқа дәретхана қойылды. Арнаулы сыныптарға дәретхана жабдықтары алынып, пандус салынды. Себебі, ол жерде  оқитын 160 баланың  ішінде мүгедектік арбамен келетіндер бар.  Бұл жерде  мүмкіндігі шектеулі балалар 1-9 сыныпта білім алады. Зиятында ауытқушылығы бар балалар арасында 41-і  кәсіптік білім беретін коллелджге түсіп, оқып жатыр. Әлеуметтік жағдайы нашар, табысы аз, көпбалалы отбасыларынан  94 бала тегін   тамақпен қамтылады. Алайда, қыс пен көктем айларында  асхана төбесінен су ағып, қолайсыздық туғызды. Енді, міне,  асхана іші ас  әзірлейтін құрал-жабдықтармен, жиһазбен  қамтылды.

Ары қараай  ғимарат ішін аралап келеміз. Мұндағы 1-сыныптың  партасына 44 бала отырса, 2-сыныптың қатарын толықтырған оқушылар саны артқандықтан  тағы бір сынып  ашуды көздеп отыр. Жалпы  айтқанда, мектептегі  он бір сыныптың алтауы орыс тіліндегі  сыныптар санатында.

Биылғы мектепті  тамамдаған 10 түлектің ҰБТ-дағы білім көрсеткіші 80 пайызды көрсеткен. Түлектердің біреуі жоғары оқу орнына  мемлекеттік грантпен  түссе, 3-еуі ақылы негізде, 2-еуі колледжде білім алуда.

 Ал арнаулы сыныптарға  облыстық психо-педагогикалық комиссияның шешіміне сай жолдамамен оқитындар арасында 84 бала мүгедектік арбамен сабаққа қатынайды.

 Мектеп директорының  арнаулы сыныптар бойынша орынбасары  Л. Абжакованың айтуынша,  1958 жылы салынған арнаулы сыныптар ғимараты түгелдей жаңартылған. Жарымжан балалардың жайын  ойлап, пандус орнатылыпты. Мұнан бөлек мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған  дәретхана  жабдықталған.Бұл жерде 42  дефектолог, 3 психолог, бір логопед  мамандары бар арнаулы   сыныпта негізінен мемлекеттік білім стандартына сәйкес дене шынықтыру, түзету, сауықтыруға бағытталған оқыту түрімен сабақ өткізеді. Бұл жердегі үлкен мәселе-үйден оқитын балаларға баратын мұғалімдерді тегін жолақымен қамту өз шешімін таппай келеді. Сондай-ақ, соңғы кездері тіл кемістігі бар  балалар көбеюде. Сондықтан да, екінші логопед штатқа  енгізілсе деген сұранысты қалалық білім бөліміне беріп отыр.  Себебі,  жалпы білім беретін мектептің арнайы сыныптарында оқитын балалардың арасында, сөйлеу қабілеті, жүріп-тұру мүшелерінің функциясы бұзылған, ақыл-ойы кемістігі бар, дауна синдромымен, аутизм белгілері барлар да оқиды. Бұл оқушылардың  оқу-тәрбие  процесі мен психологиялық-педагогикалық қолдаудың өзіндік ерекшеліктері бар көрінеді.  

Ал,білім ошағына күрделі жөндеу жұмысын «Ади-Жан» ЖШС 120 жұмысшымен жасаған болатын. Құрылыс алаңының жетекшісі  Марат Сәрсенбаевқа жолыққанда  атқарылған жұмыстың  барысын қозғады. Күрделі жөндеу жұмыстарына 312 млн.теңгедей қаражат  қарастырылып, іс оқу жылы аяқталасымен қолға алынған. Мектептегі барлық есік- терезе ауыстырылып, ішкі және сыртқы безендерілуі талапқа сай жасалған. Жылу, жарық,ыстық және  суық  су, кәріз жүйелерімен дәретхана әр қабатқа орнатылған.  Асхана  толықтай жабдықталды. Ғимарат шатыры, едені   жаңаланды. Ауланы көгалдандыру жұмысы да жүргізіліпті.

Рашида Жалпебаева, ата-ана:- Мен  көпбалалы ана ретінде, балаларым  оқып жатқан мектептің жаңаланып, күрделі жөндеуден  өткендігіне қуаныштымын. Қазір Айдана мен  Ақпейіл деген балаларым 3 және 5 сыныптарда оқиды.  Біраз жыл бұрын  қызым Альбина мен ұлым Жеңіс осы мектепті  бітіріп шықты. Мектеп ішіне кірсеңіз, шыққығысыз. Балалар сабақтан соң үйге қайтқылары келмей жүр. Бұрындары тек бірінші қабатта ғана   бір ғана әжетхана болып еді, енді әр қабатқа қыздарға бөлек, ер балаларға бөлек салыныпты. Балаларын басқа мектептерден әкеліп  беріп жатқан ата-аналар қатары көбейді. Олардың  осы жерде  оқуға  деген ынтасын арттырып отырғаны- мектептің күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылғаны деп ойлаймын. Жасалған құрылыс жұмыстарына ризамыз. Ата-аналар атынан   қала әкімі Дастан Шалтабаевқа алғыс айтамыз.

Қаламыздың, мектептің көркейгеніне, шын қуанғандарды көріп көңіліміз марқайды. Алыстан көз тартар ғимарат сырты,  жабдықталған  асханасы – бәрі-бәрі жаныңды жадыратып,  көтеріңкі  көңіл сыйлайды.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK