дереккөз

Бүгінгі жаһандану  үрдісінде патриотизм  ұғымы тек мемлекеттік тұрғыда ғана емес, әлемдік деңгейде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау мәселесі тұрғысынан қарастырылады.  Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Білім басқармасы және Ішкі істер департаменті бірлесе отырып, оқушылардың зияткерлік, эстетикалық, шығармашылық әлеуетін дамытуға қолайлы жағдай жасау, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу негізінде кадеттік сыныптар ашылуда.

Жалпы алғанда, Алматы облысында «Жас полиция» жобасының аясында  жалпы білім беретін мектептердің негізінде жаңа кадеттік сыныптар құрылды. Оның алғашқысы  Іле ауданына қарасты Өтеген батыр ауылындағы  орта мектептің  базасында арнайы сынып ретінде  ашылған болатын.  Бұл оқу бағдарламасына құқықтану, алғашқы әскери дайындық және басқа да арнайы пәндер бойынша сабақтар мен факультативтік оқытуды енгізілді. «Жас полиция» жобасы оң нәтиже көрсеткіндіктен, құқық қорғау бағытында  сүбелі жұмыс атқарылуда.

 Ішкі істер министрлігінің орта арнайы және жоғары оқу орындарында үздіксіз білім алуға дайындау мақсатында  үстіміздегі жылдың 1-қыркүйегінде   Талдықорған қаласындағы  Бақтыбай  Жолбарысұлы атындағы  №18 орта мектеп-лицейінде  қазақша оқыту және орысша білім беру бойынша  №14 орта мектеп-лицейінен  «Жас полиция көмекшілері» кадет сыныптары  ашылды. Алматы облысы бойынша барлығы 10 әскери-патриоттық клуб және 5 кадет сыныбы құрылған.

Мамандардың сөзіне сүйенсек,  жалпы білім беру бағдарламасына ешқандай жаңалық енгізілмейді, тек қосымша  саптық дайындық, құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты талап пен тәртіпті тереңдете оқыту енгізілген. Сонымен қатар, кадет тәрбиеленушілері  жол қозғалысы ережесі, алғашқы әскери дайындық,  өзге де ереже негіздерімен танысады.

-Кадет сыныбы  осы жаңа оқу жылында Б.Жолбарысұлы атындағы  мектеп- лицейдің 6 «б» сыныбы негізінде ашылды. Бұл жерде 13 ер және 12 қыз бала оқиды. Бұлар полицияның жас көмекшілері ретінде қосымша білімді  жалпы білім беру сабағынан кейінгі түстен кейін жалғастырады. Сабақты алғашқы әскери дайындық  мұғалімі Құрманбек Қамза   жүргізеді.Сыныптағы 25 оқушы бірыңғай арнайы формамен қамтылған.Елбасы Н.Назарбаев,жас ұрпақты патриоттық рухта, Отанға деген сүйіспеншілікті нығайтып, заңды сақтауға, болашақта кәсіпті дұрыс таңдауына көмегі болатындай тәрбие беру қажет екендігін атап көрсетті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түпкі мақсаты осы,- дейді кадет сыныбының жетекшісі Айсұлу Қауменова.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK