Ұлттық құндылық – ел бірлігі

876
Жұмабайдың фотосы

Жаһандану заманында Алаш жұрты көштен қалмай ілгерілеп, дамып келеді. Алайда, қазақ қоғамын кері тартып жатқан дүниелер де баршылық. Данышпан Абай айтпақшы, «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтың» кебін киіп жүрміз. Той жасасақ, ысырапшылдыққа жол береміз. Өлім-жітім мәселесі де бүгінгі күннің басты дерті. Жерлеу рәсіміне кететін қаражатта шек жоқ. Шынтуайтына келгенде, мұның барлығы әшейін бос мақтан ғана. Бізге Ұлы ақынның жоғарыда айтып кеткен сөзіне құлақ асатын кез келген сияқты. Егер де, осы аталған жайттардың алдын алсақ, бұл да біздің рухани жаңғырғанымыз.

Күні кеше Салтанат сарайында өткен республикалық ардагерлер кеңесінде ақсақалдар алқасы осындай ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты. Олар жиын барысында «Ұлттық құндылықтарымызды байытуға не кедергі?», «Әлем халқы тамсана қарауы үшін қазақ қандай қадамға баруы керек?», «Ұлттың әлеуетін көтеру мақсатында Президент ұсынып отырған бағдарламаның тиімділігі неде?» деген сынды өзекті сауалдар күн тәртібіне қойылып, ардагерлердің ұсыныстары тыңдалды. Айта кетейік, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген маңызды мәселелеге байланысты барлық облыс ардагерлері Талдықорғанда бас қосқан-ды. Семинар кеңесті облыс әкімі Амандық Баталов өзінің құттықтау сөзімен ашты.

– Құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы! Ардақты ардагерлер! Жер жаннаты – Жетісуға қош келдіңіздер! Бүгінгі ірі шараның біздің облысымызда өткізіліп отырғанына өте қуаныштымын. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызды республикалық ардагерлер ұйымының 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ардагерлер ұйымын жанды да жігерлі, жұмыстары нәтижелі, белді ұйымдардың бірі деп атап өткен болатын. Бұл сіздердің еңбектеріңізге берілген ең жоғары лайықты баға, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, өңір басшысы әрі ұйым жұмысының жемісті болып, мол табыстарға жете беруіне тілектес екенін білдірді.

Жұмабайдың фотосы

Сөзін сабақтай келе Амандық Ғаббасұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы терең, ауқымы зор, ұлтымыз үшін берері мол бағдарлама екенін айтып, осы тұрғыда Жетісу жерінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайымен таныстырды. Сонымен қатар, Қызылорда облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жетісу өңірінің сыйлы азаматы, кезінде облысымызда лауазымды қызмет атқарған Сейілбек Шаухамановтың иығына шапан жауып, «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын табыстады.

Өз кезегінде сөз алған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұханбетов  аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған облыс әкімі Амандық Баталовқа, қала әкімі Бағдат Қарасаев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейітке  шынайы ризашылығын жеткізді.

Бүгінгі семинардың басты мақсаты – Елбасының бағдарламалық мақаласына орай «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыру аясында өзара тәжірибе алмасу. Бұл бағытта біздің әрқайсымыздың қосар үлесіміз маңызды. Мына отырған ақсақалдардың барлығы қиын қыстау кезеңдерді бастан өткеріп, тар  жол, тайғақ кешуде әбден шыңдалған жандар. Ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді сақтап келген де осы аға буын өкілі. Бүгінгі ұрпақ мұны мойындайды деп ойлаймын. Осы ретте Мемлекет басшысының үндеуін жан-жақты насихаттап, оның дәнін тәуелсіз Қазақстан топырағына сеуіп, жайқалта өсіруге септесетін боламыз, – деді ол.  Одан кейін облыс әкіміне орталық кеңестің атынан «Құрмет» төсбелгісін табыстап, басқа да өңір ардагерлерін Құрмет грамотасымен марапаттады.

Басқосуда аталған бағдарлама негізінде атқарылған жұмыстар турасында Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облыстарының және Алматы қаласының ардагерлер ұйымдарының басшылары баяндама жасады. Семинар соңында ақсақалдар аталмыш ұйымның қызметін һәм оның жұмысын одан әрі жетілдіру мәлелесін талқылап, бұдан да биік белестерді бағындырамыз деп тарқасты.

Айта кетейік, республикалық семинар-кеңес қарсаңында ардагерлер Қаратал өзенінің жағалауын, «Жастар» саябағын, Журналистер үйін, Оқушылар сарайын, Жастарға қызмет көрсету орталығын, Көрме павильоны мен Салтанат сарайын және орталық алаңдағы скверде орнатылған Елбасының мүсінін тамашалаған болатын. Осылайша Талдықорғанның кереметтерін көрген қонақтар жарқын келешекке ұмтылған шаһар жайында мол мағлұматқа куә болып, ерекше әсер алып қайтты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK