Семей полигонының қасіреті жүректерде

251

Осыдан 27 жыл бұрын 1991 жылы 29 тамызда еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, қазаққа зор қасірет төндірген Семей полигоны жабылды. Бұл-Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі.

Халқымызға қайғы мен қасірет әкелген ажал аждаһасының зардаптары жүректерден өшкен жоқ. Семей полигонының жабылған күні Талдықорған қаласында  да  аталып өтті. Алматы облыстық  «Семей полигоны» ардагері мен  мүгедектері қоғамдық ұйымының мүшелері мәңгілік  алау басына гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң  қалалық  әкімдіктің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің  мәжіліс залында салтанатты жиын өтті. Ардагерлерді мерекеге орай марапаттады.

Жалпы айтар болсақ, 1949 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонында тұңғыш рет атом бомбасы сынақтан өткізілген болатын. Араға тура 42 жыл уақыт өткеннен кейін ғана — 1991 жылы зұлматты сынақтарға нүкте қойған «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Президент Жарлығы шықты.  Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін ауызын айға білеген қос держава — КСРО мен АҚШ қарулану «бәйгесіне» түсті. 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қаларына түскен атом бомбалары — ендігі кезекте ұзаққа созылар бейнетті соғысқа оп-оңай нүкте қоя салатынын екі алпауыт мемлекет жақсы түсінген еді. Семей полигонын КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру мақсатында ашқан болатын. Бұл үшін 18 миллион гектар жер бөлінді. Алғашында сынақтар жер бетінде өткізілгенімен, айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғаннан кейін жарылыстар жер астына көшірілген еді. Сол заманның өзінде радиациядан зардап шеккендердің саны жарты миллион адамға жеткен. Полигонда өткізілген сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп еді. Семей сынақ полигонында жүргізілген жарылыстардың салдарынан миллиондаған адам дертке ұшырап, бақилық болды. Оның зардаптары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

«Халқымызға орасан зор  қайғы-қасірет әкелген полигон Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен 1991 жылы жабылды. Осылайша полигонда 40 жылдан астам жүргізілген жарылыстың үні мәңгіге өшті. Бұл, әрине, ең алдымен   Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың  және халықтың еңбегі әрі ерлігі.  Қазіргі таңда  2014 жылы  құрылған  қоғамдық бірлестіктің  200-дей мүшесі бар. Облыс орталығында өткізіліп  жатқан шараның негізгі мақсаты- елжандылық, батылдық, ерлік тәрізді  асыл қасиеттерді  жастардың бойына сіңіру»- дейді  облыстық «Семей полигоны» ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Толыбек Данабеков.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK