Бүгін Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының жеке-командалық чемпионаты басталды. Айтулы додаға еліміздің әр өңірінен 140-қа жуық зілтемірші келіп, шеберлік байқасуда, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жарыстың ашылу рәсіміне Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев және Азия ауыр атлетика федерациясының вице президенті Қайрат Тұрлыханов қатысты. Салтанатты шарада алғаш сөз алған Тұратбек Төлеубекұлы аталмыш жарыстың Жетісу жерінде өтіп отырғандығы біз үшін зор мәртебе екендігін айтты. Сонымен қатар, облысымызда ауыр атлетикамен шұғылданушылардың саны жылдан жылға артып келе жатқандығына тоқталып, спортшыларға барлық жағдай жасалғандығын сөз етті. Артынша, барлық зілтеміршілерге сәттілік тілеп, жарысты ашық деп жариялады.

Өз кезегінде сөз алған Қайрат Болатұлы да спортшыларға жылы лебізін ақтарып, оларға жеңіс тіледі. Сондай-ақ, федерациясының вице президенті Талдықорған қаласын ауыр атлетиканың ораталығы дей келе, осы саладағы мықты спортшылардың басым бөлігі Алматы облысынан екендігін айтты.

Айта кетейік, бұл турнир Ашхабадта болатын Әлем чемпионатына іріктеу ретінде ұйымдастырылып отыр. «Жастар» спорт кешенінде өтіп жатқан дүбірлі додаға ұлттық құраманың барлық спортшылары келген. Оның ішінде Алматы облысының 20 спортшысы да бар.

Зілтеміршілер бәсекесінде Нижат Рахимов, Жазира Жаппарқұл, Александр Зайчиков, Денис Уланов, Карина Горичева және тағы да бірқатар танымал спортшылар бақ сынайды. Одан бөлек, спорттағы шеттетілу мерзімі аяқталған Илья Ильин мен Зульфия Чиншанло да ел чемпионатында өнер көрсететін болады. Біз бұған дейін Илья Ильиннің үлкен спортқа оралғандығын айтқан едік.

Бүгінгі сайыста 45 пен 87 келі салмақ дәрежесіндегі әйелдер және 55 пен 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ерлер жарыс алаңына шықты. Жарыс 2-ші қыркүйекке дейін созылады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK